ТҮРКІСТАН: 300-ге жуық отбасы таза ауызсумен қамтамасыз етілді

0
1 905

Әкім тұрғындардың қуанышымен бөлісті.


ТҮРКІСТАН: 300-ге жуық отбасы таза ауызсумен қамтамасыз етілді

Түркістан облысының елдімекендері су мен газбен қамтылуда, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кешенді жоспары саясында Шардара қаласына қарасты Мұнайбаза, Бекет, Ақберді мөлтекауданының тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізді. Елдімекендерге су құбырлары тартылып 286 отбасы толыққанды тіршілік нәрімен қамтамасыз етілді. Ауыз су әр үйдің ауласына жеткізіліп, тұрғындардың пайдалануына берілді. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

Құрылыс жұмыстары жылдың басында басталған. Жоба құны - 339 миллион теңге. 139 шақырымға құбыр тартылған. Межеге сәйкес 286 отбасына таза су жеткізілді. Сондай-ақ ауданда биыл су торабын қайта құру жобасы әзірленуде. Құрлыс жұмыстары толығымен аяқталатын болса қаланы 100 % ауызсумен қамтамасыз ету көзделген.

Сонымен қатар Шардара ауданындағы төрт елдімекенге газ берілді. Ақалтын, Сүткент, Қызылқұм және Достық ауылдарының халқы табиғи газбен қамтылды. Бүгінгі күні аудан аумағындағы 25 елдімекеннің 7-іне газ қосылған. Келер жылы тағы 9 елдімекенге газ жүйесін тарту жоспарлануда.

Түркістан облысының оңтүстік аймағындағы 5 ауданның дамуына 16 жоба Үкіметке ұсынылып, бұл игі іске келесі жылы 21 млрд теңге қаражат бөлінбек. Оңтүстікте орналасқан Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарын сумен, газбен жабдықтау және білім саласындағы 10 жобаны іске асыруға республикалық бюджетті бірінші нақтылау кезінде 16 млрд. теңге бөлінетін болады. Үкіметке ұсыныс беріліп, Үкіметтен қолдау тапқан ауқымды іс халықтың тұрмыс деңгейін жоғарылатуға жасалуда.

Былтыр облыс дамуының Кешенді жоспары жасалғанда басымдық Түркістан облысының оңтүстік аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға беріліп, жол, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы және әлеуметтік нысандар көптеп салынуда. Қазіргі таңда Кешенді жоспар аясында осы 5 ауданда облыстық бюджет есебінен 40 млрд теңге қаралып, 57 жоба іске асырылып жатыр. Ол қаржының 30 млрд. теңгесі биыл бөлінсе, 10 млрд. теңгесі келесі жылы осы жобаларды аяқтауға бөлінетін болады.