Бірқатар кәсіпкерлерге айыппұл салынған.
Түркістан облысындағы дәрі жетіспеушілігін болдырмау үшін Өзбекстаннан препараттар алынды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында дәрі-дәрмек жетіспеушілігін жою мақсатында Өзбекстан Республикасынан 500 млн. теңгеге індетке қарсы препараттар сатып алынды. Тиісті дәрілер дәріхана сөрелеріне жақын күндері түседі. Дәрілер шекті бағаны сақтай отырып сатылатын болады. Бұл туралы Өмірзақ Шөкеев облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.
Айта кетейік, облыс бойынша дәрілік заттардың бағаларына бақылау жүргізу мақсатында арнайы мониторинг тобы құрылған болатын. Бұл топ барлық дәріханаларды тексеріп, құқық бұзушылықтың алдын алуға жұмыс істейді. Бөлшек сауда желісінде бағаны көтеру бойынша заңбұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік шаралар қолданылатын болады. Егер дәрілік заттарға белгіленген шекті бағаны артырған жағдайда жеке тұлғаларға – 70, лауазымды адамдарға – 100, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 130, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
«Сондай-ақ, карантин режимі кезінде қызметін жүзеге асыратын объектілерге тексерулер (мониторинг) жүргізу алгоритміне сәйкес Түркістан облысы қала, аудандары әкімдігінде мобильді топ жасақталған. Аталған топ дәріханаларды тексеру барысында 12 нысанға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Толтырылған хаттамалардың 3-і жергілікті сот органдарына жолданып, 9 нысанға айыппұл салынды», - деді Өмірзақ Естайұлы.
Атап айтқанда, рұқсат қағазының болмауына байланысты – 1, тіркелмеген дәрілік заттарды сатқаны үшін – 2 іс сотқа өткізіліп, лицензиясыз жұмыс жасағыны үшін – 2, дәрілік заттардың бағасын жоғарылатқаны үшін – 5 және рецептісіз дәрілік заттарды сатқаны үшін – 2 айыппұл салынған.