ТҮРКІСТАН: 5000-нан астам 1-сынып оқушысы мектепте оқып жатыр

0
816

300-ден астам кезекші топ құрылған.


ТҮРКІСТАН: 5000-нан астам 1-сынып оқушысы мектепте оқып жатыр

Түркістан қаласында 38 мектеп жұмыс істеп жатыр, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

2020-2021 оқу жылында Түркістан қаласындағы 38 мектепте 1-сынып оқушыларына арнап ашылған кезекші топтарда 5025 оқушы алғашқы білімдерін алуда. Яғни, мұндай мақсатта 355 кезекші топ жұмыс жасауда.

Оқушыларды мектеп қабырғасында оқыту барысында санитарлық талаптар қатаң сақталуда. Бұл мақсатта жылу өлшегіш тепловизорлар, санитарлық кілемшелер, антисептиктер және ұзақ қолдануға арналған медициналық бетперделер сатып алынған. Ата-аналардан балаларды ұстаздар мен медицина қызметкерлері мектепке кіреберістен қабылдап алып, олардың денсаулығын мұқият тексереді. Яғни, температурасын өлшеп, қолдарын антисептикпен өңдегеннен кейін сынып бөлмелеріне жібереді. Сынып бөлмелерінде 1 партаға 1 оқушыдан отырғызылады.

1-сыныптарда сабақтар Білім және ғылым министрлігінің бекіткен бағдарламасымен оқытылуда. Кезекші топтар аптаның үш күнінде жұмыс жасаса, 1-сынып оқушылары екі күн қашықтықтан білім алып жатыр. Мектептерде 1-сынып оқушылары оқулықтармен түгел қамтамасыз етілген. Қашықтықтан оқыту кезеңінде оқушыларға ыңғайлы болуы үшін бірқатар мектептерде кітаптар сыныптарда сақталынып, сабақ барысында пайдалану жолға қойылған.

Оқу жылының алғашқы жартысында сабақтың ұзақтығы 35 минутқа жоспарланса, екінші жартысында сабақтың ұзақтығы 40 минут болады. Әр сабақтың арасындағы үзіліс 10 минут, ал әр ауысымның арасы 30 минут. Яғни, бір сынып сабақтан қайтқаннан кейін сыныптарда дезинфекциялық жұмыстар жасалынып, келесі сынып оқушыларының сабағы басталғанға дейін санитарлық шаралар жүргізіледі.