ТҮРКІСТАН: «Ақсу-Жабағылы» шипажайы жаңғыртылады

0
436

Модернизациядан өтіп, қосымша 250 орындық ғимарат салынады.


ТҮРКІСТАН: «Ақсу-Жабағылы» шипажайы жаңғыртылады

«Ақсу-Жабағылы» шипажайы модернизациядан өтіп, қосымша 250 орындық ғимарат салынады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында туризм саласын дамыту бағытында жұмыс күшейтілді. Бүгін Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов Түркия елінен келген инвестор Камалеттин Шекер, «SINERGY GROUP» компаниясының құрылтайшысы Мұхтар Турабеков және «Ақсу-Жабағылы» шипажайының директоры Турабеков Қабылжанды арнайы қабылдап, «Ақсу-Жабағылы» шипажайын модернизациялау мәселесін талқылады.


Елімізге танымал емдеу-сауықтыру шипажайының модернизациялау жобасының жалпы құны 2 млрд. теңгені құрамақ. Ол жер заманауи емдеу-сауықтыру орындарымен қатар 250 төсек-орынға шақталған 4 жұлдызды қонақ үй стандартына сай ғимарат бой көтереді. Сөйтіп шинажайдың адам қабылдау қабілеттілігі екі есе артып, 500 адамға дейін қабылдауға қауқарлы болмақ.


«Бұл жерде бірінші кезекте қарапайым халыққа қолжетімді бағада ем-дом қабылдап, демалуға барлық жағдайлар жасалады», дейді «SINERGY GRUP» компаниясының құрылтайшысы Мұхтар Турабеков. Жаңартылған шипажай заманауи құрылғылармен толығып, физиотерапия емдерінің түрлері артып, ағзаны саумалмен емдеу тәсілі қосылмақ.


Кәсіпкерлерге жергілікті атқарушы органдар тарапынан Заң талаптарынан сай барлық көмек беріліп, барлығы өз бақылауында болатынын жеткізген аудан әкімі мақсаты – туризм саласын дамытып, сол арқылы ауданның әлеуметтік-экономикасын көтеріп, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыру екенін айтты.


Сондай-ақ аудан басшысы мен кәсіпкерлер арасында ауданның табиғатының ерекшеліктерін пайдалана отырып, экотуризмды дамыту мақсатында келіссөздер жүргізіліп, жобалар талқыланды.


Басқосу соңында аудан әкімі жауапты бөлім басшысына инвестордың сұранысына сәйкес тапсырмалар жүктеп, құжаттарын рәсімдеу барысында барынша Заң талаптарына сай әдістемелік қолдау көрсетуді тапсырды.


Айта кетерлігі, аталған жобаны іске асыру барысында 150 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылмақ.