ТҮРКІСТАН: Арыс әкімі жеке қабылдау өткізді

0
744

Жергілікті тұрғындардың өтінішін назарға алу жөнінде тапсырма берілді.


ТҮРКІСТАН: Арыс әкімі жеке қабылдау өткізді

Арыс қаласының әкімі Ақдалада жеке қабылдау өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Ақдала ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуден соң, азаматтарды жеке өтініштері бойынша қабылдады. Құзырлы органдар мен тиісті сала жетекшілерінің қатысуымен өткен шараға жергілікті 7 азамат жеке өтінішпен келді. Соның бірі - музыка пәнінің ұстазы Жанат Пернебаева болды. Ол Ақдала ауылында мәдениет үйін салу мәселесін сөз етті.


"Біз осы күндері 240 орындық мәдениет үйін салу мәселесін шешіп жатырмыз. Қазіргі кезде нысанның сметалық-құжаттары дайындалуда. Сәтін салса, келесі жылы құрылысын аяқтап, ел игілігіне берсек деген жоспар бар. Қаржыландыру көзі республикалық бюджет болғандықтан, жобаның жүзеге асуы мұқият бақылауда. Мұның бәрі де жергілікті тұрғындардың сұранысы негізінде қолға алынып отыр", - деді Гүлжан Мамытқызы.


Қабылдау шарасында жергілікті тұрғындар денсаулық сақтау мен жер мәселесі, кәсіпкерлік пен ыстық суды елдің еркін пайдалануы туралы түйткілдерді айтты.


Сол сияқты елді мекен ішіндегі өзекті жайдың бірі - қоғамдық моншаның бағасы болды. Тұрғындардың басым көпшілігі осы мәселені көтергендіктен ауыл әкімі Берік Әбілқасымға монша иесімен кеңесіп, жергілікті тұрғындардың өтінішін назарға алу жөнінде тапсырма берілді.