Жарылыстан 8 мыңнан астам тұрғын үйдің 7634-і зақымданған болса, зерттеу-зерделеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін тұруға жарамсыз 474 үй қайта басынан салынуда.
Бүтін бір қаланы қалпыра келтіру мақсатында жұмыла жүргізілген жүйелі де нәтижелі жұмыстардың арқасында Арыс қаласы небәрі 3 ай уақыт ішінде қалпына келіп, келбеті жаңара түсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл бұрын - соңды болмаған жағдай. Бүгінде жер-жерден келіп, Арысты қайта қалпына келтіруге атсалысқан секторлардың құрылысшылары алғыс арқалап, елдеріне қайтып жатыр. Осы уақыт аралығында арыстықтардың баспанасын қалпына келтіру жұмыстары тынымсыз жүруде. Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаланы 17 секторға бөліп алған өзге облыстар өздеріне тиесілі аумақтағы тұрғын үйлер құрылысымен толыққанды айналысты.
Жарылыстан 8 мыңнан астам тұрғын үйдің 7634-і зақымданған болса, зерттеу-зерделеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін тұруға жарамсыз 474 үй қайта басынан салынуда. Қазіргі таңда 100 –ден астам үйдің құрылысы жалғасуда. Қаладағы инфрақұрылымды реттеу барысында Арыс қаласының кәріз жүйелері толық жөндеуден өтіп, автоматтандырылды. Зақым келген Арыс көшелері де жаңарды. 16 көшенің аяқжол салу жұмыстары аяқталып, жарықтандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қайырымдылық қордың қаражатына салынған үйлері толығымен қиратылған 100 отбасыға арналған 50 екі пәтерлі коттеджден тұратын жаңа шағын ауданныңүйлері аяқталу сатысында тұр. Ішкі әрлеу жұмыстары және үй жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы Арыс қаласындағы құрылыс алаңдарында бас аяғы 134 құрылыс компаниясы жұмыс істеп, 3,8 мыңнан астам жұмысшы және 200 –ден астам арнайы техника тартылды. Арыста 68 әлеуметтік нысан орналасқан (білім беру, денсаулық сақтау және спорт мекемелері), олардың 64-і – күрделі жөндеуді және 4-еуі – толықтай қалпына келтіруді талап етті. Апаттан айтарлықтай зақым келген «Арыс-1» темір жол вокзалының ғимараты толық жөндеуден өтіп, алдына гүлге арналған саябақ салынды. Жарылыстан зардап шеккен 16 орта мектеп толығымен қалпына келтірілді. Күрделі жөндеуден өткен білім ұяларында акт залы мен спорт алаңдары жаңарып, робот құрастыру кабинеті ашылды. Аталған мектептер заманауи құрал-жабдықтармен, компьютер кабинеті, физика-химия кабинеттері мен интерактивті тақта және оқушыларды еңбекке баулитын арнайы кабинеттер талапқа сай жабдықталған.