ТҮРКІСТАН: Арыста балаларды мектепке тасымалдау мәселесі шешілді

0
606

Балаларды мектепке тасымалдайтын көлік жарамсыз болып қалған.


ТҮРКІСТАН: Арыста балаларды мектепке тасымалдау мәселесі шешілді

Арыс қаласында балаларды мектепке тасымалдау мәселесі шешілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихат хатшысы Амантай Байтанаев және қала прокуроры Талғат Сейдуалиев бастаған мобильді топ өкілдері Пәкентай Арапов атындағы ауыл тұрғындарымен кездесті. Ауыл ақсақалдары Дәулет Үмбетов пен Ұлықбек Төлебаев елдімекеннің асфальт төселмеген жолы мен суғаруды көп күтетін егіс алқабы жайын сөз етті. Сонымен қатар, балаларды мектепке тасымалдайтын көліктің жарамсыздығын айтқан тұрғындардың өтінішін қала әкімі сол мезетте-ақ шешімін айтты.

«Білім бөлімінің басшысы бұл мәселені алдағы оқу жылы басталғанға дейін шешуге әрекеттенуі тиіс. Тап қазіргі жағдайда жаңа көлік сатып алу әрине қиындау. Ал көлікті жалға алып, пайдалану ең тиімді жол. Сондықтан, мәселені осылай шешкен жөн», – деді Гүлжан Құрманбекова.

Осылайша, ауыл балаларын биылша мектепке тасымалдай тұрсақ, келер жылы мектеп құрылысы басталуы мүмкін екендігі мәлім болды.

Сондай-ақ, әңгіме барысында қырыққа жақын түтіні бар ауыл тұрғындары іргедегі тоғайдың игерілмей жатқанынан қауіптенетінін алға тартты. Олардың айтуынша, орман шаруашылығы мекемесіне тиесілі тоғайда жыңғылдың қалың өскені мен оның ара-тұра оталып тұрмауы өрт қаупін тудыратыны ақиқат. «Айтқан жерден аулақ» десек те, сақтанбасақ, ертең кеш болады», – деген ауылдың белсенді тұрғындары тоғайға жауапты мекеме басшыларымен ақылдаса отырып, ондағы жыңғылды талапқа сай отап тұруды ұсынды. Оған қоса, жайылымдық жер ретінде ақысын төлеп пайдалансақ деген ниет танытты. Жиын соңында тиісті сала басшылары мен Ақдала ауылдық әкімі бұл мәселемен толықтай таныс екенін, алдағы уақытта жауапты мекемеге хат жазып, оң шешім шығаруға ықпал етілетіні айтылды.