ТҮРКІСТАН: Аудан-ауылдарға қажетті дәрі-дәрмек жеткізіледі

0
875

Дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығы жіті назарда.


ТҮРКІСТАН: Аудан-ауылдарға қажетті дәрі-дәрмек жеткізіледі

Түркістан облысында дәрі-дәрмек бағасын мобильді топтар бақылауда, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Еліміздің кей өңірлерінде дәрі-дәрмек бағасының 6-10 есе қымбатқа сатылуына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл дәріханалардағы баға тұрақтылығын қадағалап, үстеме бағаны негізсіз көбейткен алып-сатарларды жауапқа тарту туралы қатаң талап қойған болатын.

Осыған орай Түркістан облысы Сайрам ауданы әкімдігінің жанынан құрылған 14 мобильді топ дәріханалардағы дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі мен баға тұрақтылығын күнделікті бақылауға алып отыр.

Арнайы топтар жүргізіп жатқан рейд барысында науқастарға қажетті дәрі-дәрмектің тапшылығы да анықталған. Тиісінше қажетті дәрілер тізімі түзіліп, Түркістан облысы бойынша провизорлармен бірге дәрі-дәрмек жеткізу жұмыстары ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, кеше тікелей эфирде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірге COVID-19 індетінен емдеуге қажетті дәрілік заттардың жеткізілгенін айтты. Енді бірер күнде арнайы түзілген тізім бойынша препараттар аудан-ауылдардағы дәріханаларға жеткізіледі.

Айта кетейік, Түркістан облысында дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығын сақтау, тексеру үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік, арнайы Түркістан адалдық алаңы жергілікті мобильді топпен бірге қызу жұмыс жүргізіп жатыр. Аталған іс-шаралардың Сайрам ауданында атқарылуын аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков те бағамдап қайтты.

Еске сала кетейік, Сайрам ауданының тұрғындары дәрі-дәрмек тапшылығы және бағаның негізсіз көтерілуі туралы шағымын ауданның WhatsApp қызметіне, Call-орталыққа, Сайрам Адалдық Алаңы, Сыбайлас Жемқорлыққа Қарсы Іс-қимыл агенттігіне, сонымен қатар Facebook әлеуметтік желісі арқылы аудан әкімдігінің ресми парақшасына жібере алады.