Алдағы уақытта қосылатын жаңа жобалар арқасында жаңа жұмыс орындар саны артатын болады.
Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында, азық-түлік белдеуін құру бойынша 7 жобаға басымдық беріліп, жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Өткен жылы «Түркістан Агро ХХІ» ЖШС-мен 733 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын ендіру және «МТС құру» жобалары іске асырылды. Серіктестіктің жер көлемі 1046 гектар құрайтын 108 шаруа қожалықтары біріктіріліп, 733 гектар аумаққа АҚШ-тың «T-L» компаниясының 18 бірлік жаңбырлатып суару машиналары орнатылды. Аталған аумақтың 161 гектарына күздік бидай, 260 гектарға жоңышқа, 312 гектар жүгері өнімі егілді. Сонымен қатар, МТС-ке 26 бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникалары алынды.
Алынған жем шөп қорымен итальяндық технологиямен іске қосылатын 1200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы жобасын азықпен қамтамасыз ету жоспарланған болатын.
«SPK-SAURAN» АШӨК-нің «829 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын ендіру» жобасы бойынша өткен жылы «Valmont Industries» компаниясымен 3 жаңбырлатып суару машиналары 159 гектар аумаққа орнатылды. Жоба бойынша тағы 12 бірлік жаңбырлатып суару машиналары 2020 жылдың қыркүйек айына дейін орнату бойынша келісім жасалған.
Қазіргі таңда, «Аграрлық несие корпорациясы» 10 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау кешенін азықпен қамтамасыз ететін болады. Аталған жоба бойынша ЖСҚ дайындалып, австралиялық «Adamand Enterprises Pty» Ltd компаниясымен жұмыс жүргізу үшін келіссөздер жасалуда.
Ал, «Ынтымақ Агро XXI» ЖШС-і «782 гектар жерді жаңбырлатып суару технологиясын ендіру» жобасын іске асыратын болады. Қазіргі таңда, 782 гектар аумақтағы 67 жер иеленушілермен бірлескен қызмет туралы келісім-шарт жасалынуда. 462,8 гектарға 8 бірлік «Bauer» (Австрия) маркалы жаңбырлатқыш машиналарды сатып алуға келісім шарт жасалынды.
«KAZAGRO PROJECT» ЖШС-і жылына «20 мың тонна құс етін өндіру» жобасының алғашқы кезеңін жүзеге асыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на құжаттар тапсырды. Бұл жобаның алғашқы кезеңі бойынша 5 мың тонна құс етін өндіру жоспарлануда.
Ал, «400 гектарға жерге жеміс ағашын отырғызу» жобасы бойынша алғаш болып ерте пісетін алхоры жемісін отырғызу жоспарлануда. Қазіргі таңда, жеміс дақылдарын отырғызудың технологиялық картасы мен жобасы жасалынып жатыр. Бұл жобаны «Dala Fruit.Kz» ЖШС жүзеге асыратын болады.
Жоғарыда аталған жобалар бойынша яғни азық-түлік белдеуі аясында іске асырылып жатқан жобалар бойынша 500-ден аса жаңа жұмыс орындары ашылады.
Алдағы уақытта қосылатын жаңа жобалар арқасында жаңа жұмыс орындар саны артатын болады.