Құжат қабылдау электронды түрде e.gov.kz порталы арқылы жүргізілуде.
Мектептерді біртіндеп аралас оқыту және штаттық форматта оқытуға көшіру жүргізілетін болады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында мектептерде бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші бойынша ахуал жақсарған жағдайда қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, алдағы уақытта еліміздегі ахуал дұрысталып, қауіптің сейілгеніне көз жеткізген кезде, мектептерді біртіндеп аралас оқыту және штаттық форматта оқытуға көшіру жүргізілетін болады.
«Ұстаздар мен оқушылардың үй жағдайындағы қашықтықтан оқыту мүмкіндіктері де қарастырылуда. Облыста 499 535 оқушы болса, бұл 200 мыңнан астам отбасының балалары. Жасалған талдау қорытындысы бойынша, облыстағы 28% отбасы үй жағдайында интернет желісіне қосыла алмайды (130 мыңға жуық оқушы); ал 34% отбасында компьютерлік техника жоқ (60 мыңнан астам оқушы). Қазіргі таңда, осы оқушыларды интернетпен және компьютермен қамтамасыз ету мәселесі бойынша жұмыстар атқарылуда. Мектептердегі техникалар келісіммен уақытша пайдалануға берілетін болады», - дейді облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев.
Сонымен қатар, облыстағы 65 колледж 2019-2020 оқу жылында автоматтандырылған интерактивті платформалардың көмегімен студенттерге техникалық және кәсіптік білім беруді жүзеге асырған (PlatonusCollege, SnationCollege, Moodle, GoogleClassRoom). Жаңа 2020-2021 оқу жылында да қашықтықтан білім беруді аталған платформалардың көмегімен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Одан бөлек, қазірдің өзінде халықтың денсаулығына қауіп төндірмеу үшін колледждерге оқуға түсетін талапкерлерден құжат қабылдау электронды түрде e.gov.kz порталы арқылы жүргізілуде. Колледждерде оқуға түсу бойынша кез келген сұраққа жауап алу үшін виртуалды қабылдау бөлмелері іске қосылып жатыр.