Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланғаннан бастап 100-ге жуық блок-бекеттер қойылған. Онда 1500-ге жуық тәртіп сақшылары қызмет етті.
1 маусымнан бастап Қазақстан Республикасының облыстары, қалалары арасындағы блок-бекеттер алынатындығы баршаңызға белгілі. Осы тұста аталмыш блок-бекеттерде өз міндеттерін мінсіз атқарған полицейлерді Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының арнайы «Алғыс хатымен» ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков марапаттады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков полицейлерді марапаттау үшін арнайы Түркістан-Қызылорда тас жолы бойындағы Сауран блок-бекетіне барды. Онда облыс аумағында коронавирус індетінің таралу жолдарының алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында күшейтілген режимде қызметтік міндеттерін адал атқарғандар полицейлермен тілдесіп, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтың атынан алғысын жеткізді.
Өз кезегінде марапатқа ие болған полицейлер әрқашан халық үшін қызмет етуге дайын екендіктерін жеткізді.
«Осы 2 айдан астам уақыт ішінде күні-түні қызмет атқардық. Күшейтілген режимде жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен тұрғындардың амандығы, қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуы жолында шаршамаймыз. Бұл біздің міндетіміз екенін түсіне отырып, мінсіз қызмет атқаруға барымызды салдық. Сол себепті біздің еңбегімізді елеп-ескеріп, марапаттап отырғандарыңызға рахмет. Одан бөлек осы 2 ай блок-бекетте атқарған қызметіміз үшін қосымша сыйақыда берілді. Барлығы үшін Министрлікке, ПД басшылығына ризамыз» -деді ТО ПД ЖПҚ ППБ инспекторы полиция лейтенанты Нұрбол Кужимов.
Айта кетейік, Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланғаннан бастап 100-ге жуық блок-бекеттер қойылған. Онда 1500-ге жуық тәртіп сақшылары қызмет етті. Төтенше жағдай тоқтатылғаннан кейін облыста 8 блок-бекет қалған. Сонымен қатар, коронавирусқа қарсы ұйымдастырылған іс-шараларға жұмылдырылған 1409 қызметкер ақшалай сыйақымен қамтамасыз етілген.