Жұқпалы аурулар бөлімдеріндегі 440 орынның 60 пайызға жуығы бос.
Түркістан облысында коронавирустың тарауы бәсеңдеген, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы бойынша соңғы бір тәулікте коронавирус инфекциясының өсімі төмендеп, 0.8 пайызды құраған. Жалпы, күнгей өңірде қазіргі сәтке дейін Covid-19 инфекциясын жұқтырған 2497 жағдай тіркелген. Олардың 1570-інде ауру симптомсыз өтіп жатыр екен.
Сондай-ақ, жалпы облыс көлемінде 76 мыңнан астам адамнан коронавирус инфекциясына сынама алынған болса, инфекциялық госпитальдардан 1908 адам жазылып шыққан. Ал аймақтағы медициналық ұйымдардың инфекциялық және провизорлық бөлімдеріндегі жалпы төсек-орын саны 2381. Қосымша 619 резервті орын дайындалып жатыр.
Айта кетейік, қазіргі уақытта жұқпалы аурулар бөлімдеріндегі 440 орынның 60 пайызға жуығы бос. Қауіпті дертпен күреске облыс бойынша 371 дәрігер, 796 орта және 545 кіші буын медицина қызметкері жұмылдырылған. Медицина қызметкерлері аурумен күресте күні-түні аянбай еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, қала, аудан және аудан әкімшілігінен құрылған арнайы мониторингтік топтардың да жұмысын атап өткен дұрыс болар. Өйткені олар карантин талаптарының қатаң сақталуын әрқашан бақылауда ұстап келе жатыр.