ТҮРКІСТАН: Екі қасапшының ерегісі адам өлімімен аяқталды

0
759

Екеуі етке таласқан.


ТҮРКІСТАН: Екі қасапшының ерегісі адам өлімімен аяқталды

Түркістан облысының полицейлері жергілікті тұрғынның өлімін жедел түрде ашты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


22 ақпан күні түнгі уақытта Түркістан қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне жедел жәрдем қызметінен көше қиылыстарының бірінде пышақ жарақаты бар ер адамның мәйіті анықталғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына бірден Түркістан қалалық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы мен Түркістан облысы ПД-ның тәжірибелі қызметкерлері барып, жәбірленушінің базарда қасапшы болып жұмыс істеген жергілікті тұрғын екенін анықтады.


Орын алған ауыр қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары куәгерлерден жауап алып, барлық полиция бекеттеріне хабарлады.


Жедел жүргізілген іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті сол түні ұсталды. Ол Түркістан қаласының тұрғыны. Жас жігіт өз кінәсін мойындады. Заттай дәлел ретінде ас үй пышағы алынды.


Алдын ала мәліметтер бойынша, екі ер адам арасында мал етін кесуге қатысты жанжал туындап, нәтижесінде жәбірленуші пышақталып, күдікті оқиға орнынан қашып кеткен.


Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігімен (кісі өлтіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты "қамауға алу" бұлтартпау шарасы тағайындалды.


Қазіргі таңда оқиғаның толық мән-жайын анықтау мақсатында қажетті іс-шаралар жүргізілуде.