«Біз өкіметтен аламыз ба десек, біздің өзімізден 50 теңге сұрады».
Кентауда қайтарымсыз грантқа қол жеткізе алмаған әйелдер шу шығарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кентау қаласында бір топ әйел әкімдік алдында жаға жыртысты. Айқай-шудың туындауына шенеуніктердің салғырттығы себеп болған. Бұл туралы «Евразия» арнасы хабарлады.
Телеарна ақпаратынан көргеніміздей, бір-бірін аямаған келіншектердің беті қанап кеткен. Олар әкімдікке барып, өздерін алдаған шенеунікті сыртқа шақырған. Әйелдер Ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы курстан өтсе де, грантқа ілікпей қалғанына ашулы. Олар «мемлекеттен бөлінген қаржыны жауаптылар дұрыс үлестірмеді» дейді.
Анық болғандай, грант алуға құжат қабылдағандар тіркеу нөмірін дұрыс жазбай, салдарынан бірнеше адам мемлекеттік қолдаудан қағылып отыр. Ол аздай, биыл Кентауға бөлінген 70 гранттың жартысын жаңадан құрылған Сауран ауданына беріп жіберген.
«Біз өкіметтен аламыз ба десек, Айтбаев Бақытжан деген кісі біздің өзімізден 50 теңге сұрады», - дейді Ақжарқын Жауынбаева есімді тұрғын.
Ал, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айтбаев Бақытжан «грант сатылды» дегенді жала деп отыр.
Сондай-ақ, Айгерім Нұржанова есімді тұрғынның айтуынша, грантты бизнесі, жағдайы барлар ғана ұтып алған.