Қазір ашықтық пен қолжетімділіктің кезеңі.
Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде «Ашық алаң» форматында тұрғындармен кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығына бағытталған мемлекеттік қолдауларды насихаттау мақсатында «Ашық алаң» форматында тұрғындармен кездесу өтті. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев ашып беріп, мақсатына тоқталды.
"Қазір ашықтық пен қолжетімділіктің кезеңі. Тұрғындар мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына көп жағдайда күмән келтіреді. Себебі, жобалар халыққа кең көлемде түсіндірілмейді. Сол себепті облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен осындай алаң арқылы жеткізуді көздедік. Жастарға берілетін жеңілдетілген несиелер, кәсіпкерлерге арналған субсидиялар, туризм саласы бойынша берілетін гранттар туралы жан-жақты ақпарат алуға мүмкіндік бар. Биыл Түркістан облысында алғаш рет «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылады. Түрлі жобалар бойынша 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиелер беріледі. Зейнет жасына дейінгі азаматтарды уақытша жұмыспен қамту мақсатында «Күміс жас» және NEET санатындағы жастарды тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша «Алғашқы жұмыс орны» сынды жобалар ұйымдастырылады. Мұнымен қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жастарға 2,5 пайызбен 2,5 млрд теңге несие беріледі. Бұлардың барлығы халықтың табысын арттыру үшін қолға алынған жаңа бағдарламалар. Бүгін барлық жауапты мекеме өкілдері елге қажетті мағлұматтар беріп, бетпе-бет кездесулер өткізеді", – деді Бейсен Дәулетұлы.
Ашық форматтағы кездесуде облыстық жауапты басқармалардың өкілдері мен микроқаржы ұйымдарының мамандары кәсіпкерлерге кеңестер беріп, бағыт-бағдар көрсетті. Атап айтқанда, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, туризм, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік және сауда басқармалары түсіндірме жүргізді.
"Бүгінгі ашық алаңға өз ісін алға жүргізгісі келетін немесе кәсібін үлкейткісі келетін кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, жастар келіп, өз көкейіндегі сұрақтарды қойып, жобалармен танысты. Мемлекеттік бағдарламалармен тұтынушылардың қолына жеткен жағдайда игі істер атқарылып, кәсіпкерлік саласында қозғалыс болып, дамитынына сенімдіміз", – деді «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік АҚ портфельдік активтерді басқару департаментінің директоры Үмбет Еркінжан.
Іс-шараға қатысқан азаматтар өздеріне қажетті ақпарат алғандарын айтуда.
"Мен хабарландыруды әлеуметтік желіден көріп, қатысуға шешім қабылдадым. Тігін саласы, оның ішінде қолөнер бойынша кәсібімді ашқалы отырмын. Ұлттық нақыштағы киімдер арқылы құндылықтарымызды көрсететін дүниелерді шығаруға ниеттімін. «Ашық алаңға» келе отырып, мен жеңілдетілген несие мен мемлекеттік грантқа ие болу, субсидиялау мәселесі, кәсіпті өрбіту жолдары сияқты сұрақтарға жауап алдым. Мамандардан кеңес алу барысында барлық талапқа сай екенімді анықтадым", – дейді қала тұрғыны әрі жас кәсіпкер Динара Алипова.
Таңғы сағат 10.00-де бастау алған «Ашық алаң» форматындағы кеңес беру қызметтері сағат 13:00-ге жалғасты. Кездесуге жалпы 50-ден астам түркістандық келді.