Ішінде 2020 жылы пайдалануға берілген жекеменшік балабақша ғимараты да бар.
фотоколлаж: ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Кентау қаласында қатты желдің салдарынан тұрғын үй мен әлеуметтік маңызы бар бірнеше нысан шатырсыз қалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
24 наурыз күні Кентау қаласы Қонаев көшесіндегі орталық аурухананың 200 шаршы метр шатырын жел түгел ұшырып әкетті. Абырой болғанда, шатыр қирағанда ешкім зардап шекпеген.
Сонымен қатар, №1 Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің, «Электрон» дүкеннің шатыры да толығымен желге ұшты.
Ал бүгін сағат Яссауи көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйдің шатырын жел ұшырып жіберген. Сол уақыт шамасында Кентау қаласындағы «Еркетай» жекеменшік балабақшасының шатыры толығымен желге ұшты. Айта кетерлігі, балабақша ғимары былтыр ғана пайдалануға берілген.
Оңтүстікте соққан дүлей желден Кентаудағы саз мектебінің, «Дін асыл-2» жекеменшік балабақшасының да шатыры желге ұшты. Аталған балабақша 2020 жылы пайдалануға берілген болатын.
Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше барлық жағдайда да жарақат алған немесе қайтыс болғандар жоқ.
"Осындай қатты дауылды желдер "Қазгидромет" РМК ақпараты бойынша жылдамдығына 23-28 м/с солтүстік-шығыс бағытынан соғатын жел 25-ші наурызға дейін жалғасады деп күтілуде. Сондықтан қала және ауыл тұрғындарын үйлеріңізден шықпауға, ашық жерлерде жүрмеуге шақырамыз," - деп хабарлайды Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.