Күдікті Ресей Федерациясының тұрғыны екендігі және бұрын сотты болғандығы белгілі болаған.
Халықаралық іздеуде жүрген ресейлік қауіпті күдікті Түркістан облысы Сарыағаш ауданынан ұсталды. Ол бұрын бір емес, бірнеше рет сотты болған деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Түркістан облысының полицейлері ауыр қылмыс жасап, халықаралық іздеуде жүрген Ресей азаматын қолға түсірді. Биыл тамыз айында Сарыағаш аудандық полиция бөлімі көші-қон қызметінің инспекторлары, полиция капитаны Есмағанбет Ибрагимов пен полиция майоры Анарбек Сансызбаев заңсыз көші-қонның алдын алу, оның ішінде шетелдіктермен жасалған қылмыстарды болдырмау мақсатында жедел іздестіру шараларын атқарған. Қапланбек бекетінде атқарған іс-шаралары барысында, күдік туғызған белгісіз тұлға назарға іліккен. Нәтижесінде, Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері күдік туғызған азаматты қамауға ап жеке басын анықтайды. Тексеру барысында күдіктінің Ресей Федерациясының тұрғыны екендігі және бұрын сотты болғандығы белгілі болады.
"Қырағы тәртіп сақшылары жасы қырықтан асқан күдіктінің 2018 жылдың 28 қазанынан бері халықаралық іздеуде жүргендігіне көз жеткізеді. Осылайша Ресей Федерациясында іздеуде жүрген жасы 40-тан асқан қауіпті қылмыскерді сарыағаштық полицейлер Ресей еліне хабарлап, жедел түрде экстрадация жасау әрекеттерін іске асырады. Өз істеріне жауаптылықпен қарап, қырағылықтарын қолдана білген сарыағаштық сақшылар осылайша қылмыскерді дер кезінде анықтап, қоғам тыныштығын сақтап қалды,"- деп хабарлайды Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.