2005 жылы туған бозбала ауруханада көз жұмған.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Велосипедтегі 15 жасар жасөспірімді қағып кеткен көлік жүргізушісі сотталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Түркістан облысы Сайрам ауданының тұрғыны 28 жастағы З.Э. тас жолда жылдамдықты асырып, жолдың қарсы бөлігіне шығып кеткен. Шардара-Арыс тас жолында ВАЗ-21074 маркалы автокөлігімен жолдың сол жақ бетіне өтіп велосипедпен өтіп бара жатқан жасөспірімдерді алдыңғы оң жақ бөлігімен соғып кеткен. Абайсызда жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізушінің қасындағы жолаушы жедел жәрдем қызметін шақырып, жарақат алған екі жасөспірім де Арыс аудандық ауруханасына жеткізілген. Бірі жеңіл жарақат алса, екінші жасөспірім ауыр халде Шымкент қаласындағы Түркістан облыстық клиникалық балалар ауруханасына жатқызылып, ажалмен арпалысқан 15 жастағы бозбала 9 күннен соң қайтыс болған.
Басты сот талқылауында сотталушы өз кінәсін мойындап, марқұм жасөспірімнің туыстарынан кешірім сұраған. Арыс аудандық соты сотталушыны ҚР ҚК нің 345 бабының 3-ші бөлігімен кінәлі деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сонымен бірге 3 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырды. Оған қоса, жәбірленуші тарапқа 3 000 000 (үш миллион( теңге моральдық ақы өтеуге үкім етілді.