Ұсталған азаматтар өз кінәсін толық мойындаған.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Түрістан облысында түрмеге бірге отырып шыққан екі азамат көлік ұрлап, бөлшектеп сатқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Атап айтар болсақ, Кентау АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын көпқабатты тұрғын-үйдің ауласында тұрған «Нексия» көлігін белгісіз біреулер ұрлап кеткенін айтып, арызданған және жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1 500 000 теңге екені анықталып, аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелген.
Осыған орай, Кентау қалалық полицейлері көлік ұрлаушыларды ұстау жұмыстарын қарқынды жүргізген. Себебі, бұның алдында да 3 бірдей жергілікті тұрғындар аулаларынан көліктерін ұрлап кеткендігін айтып шағым түсірген екен. Қорытындысында, жалпы 4 жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 6 миллионнан астам теңгені құраған.
Сондай-ақ, полицейлер көп уақыт өтпей күдіктінің бірінің ізіне түсіп, көлік ұрланған жерлердегі қоңырауларды тексере келе, күдіктінің біреуін Кентау қаласындағы көшелердің бірінен ұстаған. Оған қоса, тергеп-тексеру барысында оның сыбайласы Сайрам ауданының тұрғыны, өзімен бірге түрмеде отырып шыққан азамат екендігі анықталып, полицейлер екінші көлік ұрлаушыны Сайрамдағы өз үйінен құрықтайды. Ал, ұсталған азаматтар өз кінәсін толық мойындаған.
Полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, 2 ұры дабылқаққыштары жоқ көліктердің есігін темір сызғыш арқылы ашып, кілт тұратын блогын алып тастап айдап әкеткен және оларды Сайрам ауданындағы екінші күдіктінің үйінде бөлшектеп, сатып отырған.
«Қазір 2 күдікті де қамауда. Тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қыркүйек айының соңына дейін айыптау актісімен іс сотқа жолданады», - делінген Түркістан облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.