ТҮРКІСТАН: Құрылыс мамандары фирдаусилық тұрғындарды шеберлікке үйретуде

0
916

Таяуда ғана фирдаусилық 183 отбасының әрқайсысына 17 млн теңгенің 50 пайызы яғни, 8,5 млн теңгесі толық аударылған болатын.


ТҮРКІСТАН: Құрылыс мамандары фирдаусилық тұрғындарды шеберлікке үйретуде

Түркістан облысы әкімдігінің бастамасымен «Nur Otan» партиясының Мақтаарал аудандық филиалы Фирдауси елдімекенінде құрылыс мамандарын шақыртып, мастер-класс ұйымдастырды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Су апатынан зардап шеккен ауылдағы мастер-класс қатысушылармен тікелей өзара әрекет түрінде өтті. Шара барысында тұрғындарға үйдің іргетасын құю кезінде қанша цемент қосу керектігі, кірпіш қалауда қандай талаптарды сақтау қажеттігі жан-жақты түсіндірілді.

Ұұрылыс талаптарын әр элемент бойынша түсіндірген мамандар жұмысы жайлы: «Бүгінде ауылымызда тұрғындар үй салу жұмыстарын бастап жіберді. Мемлекет 17 млн. теңгеміздің тең жартысын аударып берді. Ендігі мақсат – құрылыс жұмыстарының қарқынын пәсеңдетпеуіміз қажет. Бүгін жергілікті партия белсенділерінің үйлестіруімен мастер-класс ұйымдастырылды. Бұл бізге өте қажет еді. Өйткені тұрғындардың көбі құрылыс жұмыстарының талаптарын біле бермейді. Осыны ескерген жанашырларға алғыс айтамыз», – дейді Фирдауси ауылының тұрғыны Мұхамеджан Мирзаходжаев.

Қазіргі таңда фирдаусилық тұрғындар мемлекеттен берілген қаржыларына үй тұрғызу жұмыстарын жалғастыруда. Атап өтсек, топан судан зардап шеккен Фирдауси ауылында жалпы 338 үй бар болса, соның бүгінде 271-і толығымен бұзылған. Бүгінде мұнда 26 үйдің іргетасы құйылып, 3 баспананың қабырғасы қалануда. Еске салсақ, таяуда ғана фирдаусилық 183 отбасының әрқайсысына 17 млн теңгенің 50 пайызы яғни, 8,5 млн теңгесі толық аударылған болатын.

Айта кетейік, құрылыс саласындағы бұл мастер-кластың мақсаты – тұрғындарға құрылыс талаптарын үйретіп, баспаналардың сапалы әрі талапқа сай бой көтеруіне ықпал ету.