ТҮРКІСТАН: Мақтааралда 100-ден астам үйдің құрылысы аяқталды

0
695

Қалған үйлер де таяуда дайын болады.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда 100-ден астам үйдің құрылысы аяқталды

Мақтааралдағы құрылысы жұмыстарына партиялық бақылау жүргізілді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындары үшін жаңа үйлер салынып жатыр. Бұл жұмыстар «Nur Otan» партиясының бақылауында. Жоспарға сәйкес, партияның Түркістан облыстық және Мақтаарал аудандық филиалдарының өкілдері және Партиялық бақылау комиссиясы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері Мақтаарал ауданында болып, құрылыс барысына қадағалау жүргізді.

Еске салсақ, мамыр айында апат орнына «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек арнайы келіп, елмен жүздескен болатын. Осы іссапардағы тапсырмаға сәйкес, партиялық бақылау жүргізген «нұротандықтар» мақтааралдық тұрғындармен және құрылысшылармен кездесті.

Бүгінде Мырзакентте іргетасы қаланған жаңа шағынауданда 386 үй мен бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Бұл баспаналар су шайған Жеңіс, Достық, Жаңатұрмыс елді мекендерінің тұрғындарына беріледі. Жаңа шағынауданда 1200 орындық мектеп, 280 орындық балабақша және дәрігерлік амбулатория мен полиция бекеті, желілік саябақ пен гүлзарлар, воложолдар салынуда.

Жоғарыда аталған 386 үйдің 20-сын салуды «Nur Otan» партиясы өз мойнына алған. Оған «Birgemiz» қорынан қаражат бөлінген. Бүгінде 115 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Қалған баспаналар да таяу күндері дайын болады.

Ал Өргебас ауылындағы барлық 194 үй бұзылып, жаңадан салынып жатыр. Бүгінде 116 үйдің қабырғалары қаланған болса, 49 үйдің шатыры жабылуда. Фирдоуси елді мекенінде жалпы 303 үйдің басым бөлігінің қабырғасы қаланған. Шатырлары да жабылып жатыр.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Уалихан Рахиевтің айтуынша, құрылыс жоспарға сай жүргізіліп жатыр. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Полат Тұрсынбаев партиялық қадағалау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.