​ТҮРКІСТАН: Мақтааралда астан улану жағдайлары өршіп тұр

0
1 848

Улану фактілері топырақтан жақсы тазартылмай консервіленген саңырауқұлақтар мен қызылша, баклажан, сондай-ақ, стерилизация тәсілдері дұрыс сақталмаған өнімдерден орын алған.


​ТҮРКІСТАН: Мақтааралда астан улану жағдайлары өршіп тұр

иллюстарциялық фото: ашық дереккөзден

2018 жылдың 10 айында Мақтаарал аудандық қоғамдық денсаулық басқармасына ботулизм аурушаңдығымен 4 ошақта 10 зардап шегуші (2017-жыл 3 ошақта 6 зардап шегуші) тіркелсе, астан улану жағдайлары бойынша 9 ошақта 14 зардап шегуші (2017-жыл 6 ошақта 11 зардап шегуші) тіркелген, деп хабарлайды өңірдегі ERNUR.KZ тілшісі.

Улану фактілері топырақтан жақсы тазартылмай консервіленген саңырауқұлақтар мен қызылша, баклажан, сондай-ақ, стерилизация тәсілдері дұрыс сақталмаған өнімдерден орын алған. Жергілікті медицина қызметкерлерінің ботулизм ауруының алдын алу мақсатындағы аула аралап, түсінік жұмыстарын тиянақты жүргізбеулерінің салдарынан аудандарда аурушандық жыл сайын көбеюде. Жыл басынан бері өз ісіне салғырттық танытқан емдеу-сауықтыру мекемелерінің осындай он қызметкеріне айыптық шаралар көріліпті.

Сонымен қатар, облыстық прокуратура тарапынан арнайы жоспардан тыс тексеру жұмыстары ұйымдастырылып аудандағы екі жеке кәсіпкерлік нысанға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылса, төрт жұмсақ балмұздақ сататын, үш лаваш және самса пісіретін қоғамдық тамақтану орындарына тиісті санитарлық талаптардың сақталмағандығы үшін хаттама толтырылып, құжаттары аудандық сотқа өткізіліпті. Мұнан да басқа 32 құймалы балмұздақ сату орындары мен 15 самса, лаваш, гриль саудасымен айналысатын жеке кәсіпкерлерге профилактикалық түсіндіру жұмыстар жүргізілген.

2018-жылдың 10 айы көлемінде Мақтаарал аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу мақсатында 36 саудаорындарынан алынған 304 өнім сынамасының он бірінің техникалық регламенттері талапқа сәйкес келмеген. Анықталған кемшіліктер бойынша бес нысанға 192 400 теңге айыппұл салынса, бір нысанға сот шешімімен 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған.