40 жастағы әйел оқиға орнында қайтыс болған.
Түркістан облысы полицейлері адам өлімімен аяқталған жол-көлік апатын жасап, жасырынған жүргізушісі ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мақтарал АПБ-ның полиция қызметкерлері аудан жолдарының бірінде әйелді қағып, жол апаты орнынан ізін суытқан жүргізушіні ұстады. Оқиға сейсенбі күні , 24.02.2020 жылы сағат 21:00 шамасында орын алған. Кезекші бөлімге кешкі аудандық жолдардың бірінде белгіленбеген автокөлік жаяу жүргіншіні қағып кеткендігі туралы хабарлама келіп түскен. Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде 40 жастағы әйел алған дене жарақаты салдарынан оқиға орнында қайтыс болған. Ал көлік жүргізушісі қашып үлгерген.
Мақтарал АПБ-нің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жол-көлік оқиғасын жасап, жасырынған күдіктіні ізін суытпай құрықтады. Ол Мақтарал ауданының тұрғыны болып шықты және шұғыл полиция бөліміне жеткізілді.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің екі бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынып, сараптама тағайындалғанын хабарлады ТО ПД баспасөз қызметі.