Әкім құрылысшыларды мерекемен құттықтады.
Құрылысшылар тасқын судан зардап шеккен мақтааралдықтар үшін ерен еңбектің үлгісін көрсетуде, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Мақтаарал ауданының әкімі Асанов Бақыт Насырханұлы аудандағы апаттың салдарын жоюға мол үлес қосып жатқан құрылысшыларды төл мерекесімен құттықтады.
«Қадірменді құрылысшылар!
Бүгін заманның ең керек мамандығына айналған құрылысшылардың төл мерекесі. Сондықтан, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүрекпен құттықтауға рұқсат етіңіздер!
"Тұрғын үй құрылысы – экономикамыздың жаңа локомотиві". Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл сөзі Тәуелсіз Қазақстанның дамуында құрылысшыларға үлкен дем берді. Олар өздерінің қажырлы еңбегі арқылы халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге, қала мен кенттердің инфрақұрылымын кеңейтуге арналған әлеуметтік маңызды міндеттерді шешумен қатар, аудан мен аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға, еліміздің өркендеуіне ықпал жасап келеді.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, құрлыс саласы экономикасы дамыған елде ғана қарқын алады. Бұл – нарықтың бұлжымас заңдылықтарының бірі. Бүгінде еліміздің қай түкпіріне барсаңыз да жаңадан салынып жатқан нысандарды көресіз. Демек, бұл қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сара саясатымен ел экономикасының тұрақты даму үстінде екенін білдіріп отыр.
Тәуелсіз Қазақстанның елодрасы болған Нұр-Сұлтан қаласын аз ғана уақытта тұрғызып, адам танымастай өзгертіп, бүкіл әлемге танытқан да – Құрылысшылар екенін мойындау керек.
Киелі Мақтаарал ауданында да құрылысшы мамандығының маңызы зор. Халқы тығыз орналасқандықтан, әлеуметтік нысандарды, атап айтқанда мектептер, балабақшалар, денсаулық мекемелерінің ғимаратын салу – мұнда үлкен өзекке ие. Ел экономикасының маңызды саласының өкілі – құрылысшылардың орасан еңбегінің арқасында Мақтаарал ауданында зәулім ғимараттар мен әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Сондай-ақ, тасқын судан зардап шеккен мақтааралдықтарға тұрғын үй салып беруде ерен еңбек пен нағыз ерліктің үлгісін көрсетіп жатырсыздар.
Ауданымыздың ажарын ашатын, айбарын асқақтататын келісті келбетінің көркеюіне қосып жатқан үлестеріңіз де көз сүйсінтерлік.
Алдағы уақытта да өркениетті еліміздің өсіп-өркендеуі жолында толағай табыстарға жете берулеріңізге тілектеспін.
Бойларыңызға сарқылмас күш-қуат, еңбектеріңізге таусылмас жетістік, отбасыларыңызға ортаймас бақ-ырыс тілеймін!», - деді аудан әкімі өз тілегін білдіріп.