Бүгінде мұнда 383 үйдің құрылысы жүргізілуде.
Мақтааралда әлеуметтік мәселелер жөніндегі жұмысшы топтың отырысы өтті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.⠀
Бұл жиынға Түркістан облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, Мақтаарал ауданындағы облыстық штабтың әлеуметтік мәселелер жөніндегі жетекшісі Ғани Рысбеков, «Нұр Отан» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, аудандық партия өкілдері, су тасқынынан зардап шеккен ауыл округтерінің әкімдері, құқық қорғау органдары мен аудандық әкімдіктің идеология бөлімінің басшылары мен мамандары қатысты.
Отырыс барысында сөз алған облыстық штабтың әлеуметтік мәселелер жөніндегі жетекшісі Ғани Рысбеков су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың өтемақыларын тездетіп төлеу, бүгінгі жай-күйін жақсарту, тұрғын үй салу кезіндегі қиындықтарын еңсеру, Өргебас, Фирдауси ауылдарындағы қалыпқа келтіру жұмыстарына қолдау білдіру жөніндегі жұмыстарды ширату қажеттігіне тоқталды.
Ал, «Нұр Отан» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың өтемақыларын төлеу жұмыстарына білікті мамандардың тарту керектігін, халықпен тығыз байланыс орнату, түсіндіру шараларын ұйымдастыру қажеттілігін атап өтті.
Сондай-ақ, арнайы топ Мырзакент маңында бой көтеріп жатқан жаңа мөлтек аудандағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Бүгінде мұнда 383 үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 193-і үкіметтік резервтің қаржысына, 190-ы қорлардың есебінен бой көтеріп жатыр. Соның ішіндегі 20 үй «Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз» қорының қолдауымен салынуда.
Қазіргі уақытқа дейін жаңа мөлтек аудандағы 188 үйдің іргетасы құйылып, 73-інде қабырға көтеру және екі үйдің шатырын жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үй салуға қажетті техникалар мен құрылыс материалдарынан тапшылық жоқ.