Қазірдің өзінде мырзашөлдік шаруалар 60 мың 926 гектар егістік алқапқа түрлі дақылдар отырғызу жұмыстарын жүргізуде.
Мақтаарал ауданындағы топан судан зардап шеккен аймақтарды ретке келтіру жұмыстары көктемгі дала жұмыстарын нәтижелі жүргізу ісіне кедергі келтіріп отырған жоқ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазірдің өзінде мырзашөлдік шаруалар 60 мың 926 гектар егістік алқапқа түрлі дақылдар отырғызу жұмыстарын жүргізуде. Бүгін бұл туралы Мақтаарал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалым Дүйсенбеков мәлім етті.
Бөлім басшысының айтуынша, Мақтаарал ауданындағы 5 ауылды топан су шаюына байланысты жарияланған төтенше жағдайға қарамастан жоспарлы жұмыстар жүйелі жүзеге асуда. Бүгінге дейін ауданда 1689 гектарға дәнді және бұршақты дақылдар, 42043 гектарға мақта, 9893 гектарға картоп, көкөніс және бақша дақылдары, 1620 гектарға мал азықтық, 449 гектар аумаққа күріш дақылдары отырғызылған.
«Ауданда әрбір гектардан түсетін өнім көлемін ұлғайту мақсатында бір жерден екі рет өнім алу жұмысы тиімді жүзеге асып отыр. Биылдың өзінде ауданымызда 84 шаруа қожалығы 349 гектар егістік алқапқа ерте пісетін қырыққабат дақылын егіп, бүкіл әлемдік карантинге қарамастан 5721 тонна қырыққабат өнімін еліміздің өзге аумақтары мен ТМД елдеріне экспорттау жұмыстарын жүргізуде. Аталған 84 шаура қожалығының 10 шаура қожалығы өнімін жинап екінші өнімге бақша дақылдарын егу жұмыстарын жүргізуде», - дейді Ғалым Мырзаханұлы.
Жалпы шаруалардың мол өнім алуына себеп болатын факторлардың бірі- мемлекет тарапынан берілетін жәрдем. Биылғы жылы мақтааралдық диқандар «Qoldau.kz» сайты арқылы мемлекеттік жәрдемдерді (субсидияларды) алуда.
Бүгінгі таңға жеңілдетілген бағамен 20 мың тонна минералды тыңайтқыш үлестірілген. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 4160 мың тоннадай жанар-жағар май бөлініп, оның 1335 тоннасы шаруаларға таратылған.