ТҮРКІСТАН: Мәжіліс депутаты ауыл тұрғындарымен кездесті

0
450

Аудан әкімі айтылған мәселелер бойынша дербес бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.


ТҮРКІСТАН: Мәжіліс депутаты ауыл тұрғындарымен кездесті

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай кәсіпкерлік және ауылшаруашылық саласының мамандарымен кездесіп, жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай Түлкібас ауданына іс-сапармен келіп, кәсіпкерлік және ауылшаруашылық саласының мамандарымен кездесіп, жұмыстарымен танысты. Алдымен Түлкібас ауданы, Азаттық ауылында орналасқан «Майлыкент-сүт» өндірістік кооперативінде болып, жұмысшылармен тілдесті. Ауыл тұрғындары осындай өндіріс құрылғыларын меңгеріп, отбасын асырап, елеулі еңбек етіп жатқан жұмысшыларға халық қалаулысы ризашылығын білдірді. Өндіріс орнында маусымдық науқан кезінде күніне 22 тонна өнім өндіріледі. Ауданға қарасты ауыл тұрғындарының сүтін жинап, одан 12 түрлі өнім шығаратын өндіріс орыны ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, облыс аймағына өз өнімдерін өткізуде. Кооператив басшылығы халық қалаулысына өндіріс саласына бөлінетін субсидия мәселесін шешілуіне ықпал жасалса деген ұсынысын білдірді.


Содан соң Мәжіліс депутаты өңірімізде тұңғыш рет ашылған «Дәрігерлер аллеясына» ат басын бұрып, қазіргі таңдағы ақ халатты абзал жандардың адал жұмысына бас иді. «Тұңғыш Президент» саябағы бүгінгі таңда аудан тұрғындарының тамаша демалыс орынына айналған. Осы демалыс аймағының жұмысымен танысқан Дархан Қамзабекұлы атқарылған жұмысқа ризашылығын білдірді. Қазақ халқы ақыны мен батырын ерекше құрметтеген, қадірлеген халық. Осы мақсатта жерлесіміз Дархан Мыңбай ақын Әбдібек Аралбайұлының шаңырағында болып, «Қазақ әндері» атты кітапты ақынға сыйға тартып, керемет естелік әңгіме өрбітті. Халық санының ұдайы өсуіне орай аудан орталығында бой көтерген «Майлыкент» мектебінің құрылысына ат басын бұрып, бұл жердегі атқарылып жатқан жұмыстардың да куәсі болды. 300 оқушыға арналған мектеп құрылысы 2022 жылдың сәуір айында аяқталып пайдалануға беріледі деп күтілуде.


Дархан Қамзабекұлы сыртта жүріп Түлкібас ауданында кенжелеп қалған қарбыз-қауын егу шаруасын қолға алған ақсақал туралы көп естігенін айтты. Туған жерге бас сұққанда, кіріп кетпеуім азаматтығыма сын деп, егін алқабына жол тартты. Қауын мен қарбыздың жалпы онға жуық түрін өсіріп отырған Әжібай қария келген қонақтарға өнім түрлерін таныстырып, алдағы жоспарымен бөлісті. Халық қалаулысы шаруашылық басына жиналған ауыл тұрғындарымен кездесіп, мұң-мұқтаждарын тыңдап, егін шаруашылығы саласындағы өз ойымен бөлісті.


«Түлкібас ауданы - ауылшаруашылық саласына қолайлы өңір болғандықтан, тұрғындардың көбі егіншілік пен бау шаруашылығымен айналысады. Соңғы жылдары ауданымыздағы егістік каналдары республикалық «Қазсушар» мекемесінің теңгеріміне өтіп, қаржы бөлініп, каналдарға жөндеу жұмыстары басталған болатын. Алайда, каналдарға жөндеу жұмыстары сапасыз атқарылғандықтан егін егетін көктем мезгілінде көптеген шаруалар суға зар болып, егістікті дұрыс еге алмады. Жөнделген каналдарға су көтерілмей, көптеген кемшіліктер орын алды. Алдағы көктем мезгілінде осы мәселе қайта қайталануы мүмкін. Сондықтан шаруалардың мұңын республикалық «Қазсушар» мекемесінің басшылығына және тиісті жауапты мекемелерге жеткізсеңіз»- деп ауыл тұрғындары өтініштерін, реніштерін білдірді. Сонымен қатар, тұрғындар суғармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында егістікке су жинайтын тоған салу мәселесіне ықпал жасасаңыз» - деді ол.


Түлкібас ауданының табиғаты туризм саласын дамытуға өте қолайлы болғандықтан, келуші туристер саны жыл сайын артып келеді. ҚР Мәжілісі депутаты Дархан Қамзабекұлымен жақында ғана Қараағашты ауылында ашылған «Etno Park Resort» демалыс аймағында болып, туристік нысанның басшылығымен кездесті. Кездесуде кәсіпкер ауыл тұрғындарына берілетін несиенің кепілге қойылатын мүліктің яғни, тұрғын үй немесе ғимараттың бағалау бағасы қаладағы тұрғын үй немесе ғимараттың бағалау бағасымен бірдей болса деген өтінішін білдірді. Нәтижесінде әрбір ауылда кәсіпкерлік дамып, ауыл тұрғындары төмен пайызбен несие алып, кепілге тұрғын үйін қойып, өз кәсібін әрі қарай дөңгелетуіне мүмкіндік болатынын айтты. Қаржы ұйымдары осы мәселеге назар аударса деді. Ұсыныстарды тыңдаған халық қалаулысы алдағы уақытта тиісті мекемелерге ұсыныс білдіретінін жеткізді.


Түлкібастың әр тасының киелі, топырағының құнары мол екенін айтып, өндіріс, құрылыс пен ауылшаруашылық, руханият пен туризм саласы қатар дамыса, ауданымыздың экономикасы мен тұрғындардың әлеуметтік жағайы да артары сөзсіз екенін тілге тиек етілді. Шара соңында аудан әкімі Нұрлан Мархабатұлы айтылған мәселелер бойынша дербес бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.