ТҮРКІСТАН: Мектепте сыныптасынан таяқ жеген оқушы қайтыс болды

0
714

Марқұмның жақындары оқушыларға бас-көз болмаған мектеп ұжымы мен дер кезінде көмек бермеген дәрігерлерге наразы.


ТҮРКІСТАН: Мектепте сыныптасынан таяқ жеген оқушы қайтыс болды

иллюстрациялық фото

Түркістанда мектепте таяқ жеген 5-сынып оқушысы қайтыс болды. Оны ақша тауып бере алмағаны үшін сотқар сыныптасы мектептің дәретханасында ұрып-соққан дейді әжесі. Жарақат алған балақай бірнеше күн ауырып, ақыры ауруханада көз жұмған, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Марқұмның жақындары оқушыларға бас-көз болмаған мектеп ұжымы мен дер кезінде көмек бермеген дәрігерлерге наразы.

Өткен жұма күні мектепке кеткен оқушы сабақтан соққы жеп келген. Денесі ауырсынып, демалыс күндері дәрінің көмегімен әрең жүріпті. Ал дүйсенбі күні ауырып тұрса да, мектепке кеткен бала үйге келісімен тағы құлайды. Әдетте ешкімге шағымданбайтын Рамазан сол күні әжесіне сотқар сыныптасынан таяқ жегенін жайып салыпты.

"Оны дәретхананың ішінде ұрыпты. Басынан қатты соққы алған. Қан ұйыпты басына, одан кейін тамыры қысылып қалған деді.Бүйрегі де ісіп кеткен. Ол ата-аналар, көп адам айтады екен. Жуас балалардан тиын-тебен алады екен. Ана бала: «мен осы сыныптың атаманымын» дейді екен. Соған енді ақша беру керек екен, атаманға. Қазір сонда әлімжеттік боп тұр ғой", - дейді марқұмның әжесі Гүлнар Маханова.

Рамазан оқыған №18 мектеп-гимназияда әлімжеттік көп орын алады деген әңгіме ата-аналар арасында көп айтылады екен. Бірақ мектеп директоры оны жоққа шығарды. Тіпті ата-аналармен жиналыс та өткізіпті. Бірақ ол отырыста сыныптағы сотқарлық туралы сөз болған жоқ дейді директор.

"Соққы жеді деген болған жоқ. Бірақ солай айтылған. Бірақ біз, міне, ата-аналармен де жұмыс жасалынды. Бізге айтылғаны сынып жетекшісінің несін бізден ауыстырып, шамалы қаталдау, талапшыл сынып жетекшісін қойсаңыз деген ұсыныс айтып кетті. Ондай бір баламыздың жағдайына қорқамыз немесе мынадай деген мәселе болған жоқ", - дейді Ж.Еділбаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Уәлихан Бесімбаев.

Мектептің іші-сыртына түгел бейнебақылау камерасы орнатылған. Бірақ жұма күні дәретхана маңындағы камера істен шыққан дейді директор. Тіпті таспаны кері айналдыруды білетін мектепте маман жоқ деп құтылды. Десе де бұл іске қазір полиция араласып жатыр.

"Түркістан қаласының полиция басқармасының қызметкерлерімен тексеру жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Сараптама қортындысы бойынша заң шеңберінде нақты шешім қабылданады", - дейді Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.

Құрсақта жатқанда әкесіз қалған Рамазанды әжесі бауырына басып өз ұлындай өсірген екен. Енді небәрі он жасар немересінен айрылған әжесі құзырлы орындардың барлығына шағым түсірмек. Олар мектеп дәретханасында соққыға жығылған оқушыға бас-көз бола алмаған мектеп басшылығын түгел тексерсін деп талап қояды.