Олар жуырда алғашқы табысына қол жеткізеді.
Жыл басында Түркістан Облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы үй іргелік жерлерге тамшылатып суару әдісін енгізуді тапсырып, осыған сәйкес Сайрам ауданында ауқымды жұмыстар қолға алынды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Өңір басшысы Өмірзақ Естайұлының тапсырмасын жандандыру мақсатында аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІ-бағыты аясында, өз кәсіпкерлігін үй іргелік тамшылатып суару әдісіне бағыттаған азаматтарға қаржылай қолдау көрсетуге тапсырма берді. Негізгі мақсат – 200 азаматты нәтижелі жұмыспен қамту. Бүгінде ауданның 11 ауыл округінен 100 азаматқа қаржы бөлініп отыр. Енді мемлекеттік грант алған аудан тұрғындары өз үйлерінің маңына тамшылатып суару жүйесін құрып, егін егу жұмыстарын қолға алуда.
Атап айтсақ, Израиль әдісін қолдану арқылы олар әуелі өздерін жұмыспен қамтыса, екінші бір ұтымды жағы егіншіліктен алған өнімді табыс табу көзіне айналдыруға мүмкіндігі бар.
Бастапқы кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген әрбір азаматқа 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік грант қаражаты ұсынылады. Оның жүзеге асырылуы жауапты сала басшыларының назарында болады. Енді тағы 109 азаматтың құжаты комиссия қарауында. Ал бұл іске бірінші болып кіріскен аудан тұрғындары аз күнде алғашқы өнімін алуға дайын отыр.