​ТҮРКІСТАН: Министр өңірдегі каналдар мен суқоймалардың жай-күйімен танысты

0
1 139

Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандары мен Арыс қаласындағы каналдар мен су арналарын, су қоймаларды тексеру, диқандардың мүддесін қорғау және осы бағыттағы өзекті мәселелерді шешу.


​ТҮРКІСТАН: Министр өңірдегі каналдар мен суқоймалардың жай-күйімен танысты

Түркістан облысына ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жуырда Түркістан облысына «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек арнайы келіп, тұрғындар тарапынан су мәселесіне байланысты өтініштері мен шағымдарын тыңдаған болатын. Министрдің бұл іссапарында сол мәселелер де арнайы зерделенді. Министрмен бірге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев пен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев та облыс аумағындағы су шаруашылығы нысандарын аралады.

Министр алдымен Сарыағаш ауданында болды. Бұған дейін аудан тұрғындары «Nur Otan» партиясына шағымданып, «Ханым» және «Ащынау» каналдарын механикалық тазалаудан өткізу, бетондау жұмыстарын жүргізіп қалыпқа келтірді сұраған болатын.

Сарыағаш ауданындағы Ханым каналының ұзындығы – 126 шақырым, Жібек жолы, Жемісті, Дербісек, Ақжар және Қызылжар ауылдық округтеріндегі 7620 га көлеміндегі егістікті ағын сумен қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда каналды қамыс басып, гидротехникалық құрылғылардың тозығы жеткендіктен техникалық жағдайы нашарлап, су өткізу қабілеті 50 пайызға төмендеген. 1200 га жуық егістік жерге су жетпей, шаруалар қиындыққа тап болды. Каналдың 15 шақырым бөлігін күрделі жөндеуден өткізу (бетонмен қаптау) және 111 шақырым бөлігін ағымдағы жөндеуден (механикалық тазалаудан) өткізу қажет. Сондай-ақ 73 дана гидротехникалық құрылғыларын жөндеу қажет.

Ал 25,4 шақырымды құрайтын Ащынау мемлекетаралық каналы Жарты төбе ауылдық округінің 1931 га егістігін ағын сумен қамтамасыз етеді. 300 га егістікке ағын су жетпейді. Каналдың 10 шақырым бөлігін бетонмен қаптау және 15,4 шақырым бөлігін ағымдағы жөндеуден өткізе отырып, 31 дана гидротехникалық құрылғысын жөндеу қажет екендігі анықталып отыр. Сонымен бірге суды орта жолдан заңсыз алатындардың әрекеті де сынға алынды.

Кездесу барысында тұрғындар мен диқандардың өтінішін тыңдаған Мағзұм Маратұлы бұл түйткілді мәселені шешу үшін арнайы шешімдер қабылдайтынын жеткізді. Министрдің тапсырмасына сәйкес тиісті жұмыс тобы құрылып, міндетін орындауды бастап кетті.

Іссапар барысында Сарыағаш ауданының әкімі М.Отаршиев пен Келес ауданының әкімі А.Есбаевтың су шаруашылығына қатысты уәждерін тыңдаған министр Алпамыс батыр округіндегі су мәселесі шешілетінін мәлімдеді.

Министр Келес ауданы аумағынан өтетін Өзбекстан Республикасына тиесілі Солтүстік Ташкент каналының (СТК) бүгінгі жағдайымен танысты. Каналдың 20 шақырымы Келес ауданы аумағынан өтіп, 2922 га суармалы жерді ағын сумен қамтамасыз етеді. Аталған канал Өзбекстанның меншігінде болуына байланысты бюджет есебінен бері механикалық тазалаудан өткізуге қаржы бөлуге мүмкіндік болмай отыр. Соның салдарынан осы аймақтағы екі ауылдық округке қарасты егістік аумақтар ағын сумен толық қамтылмаған. Бұл мәселе екі ел өкілдерінің қатысуымен келіссөзде қаралатын болды.

Одан кейін Министр бастаған топ Жетісай ауданындағы бірнеше каналдың жұмысымен танысты. Жуырда партия төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек Абай ауылдық округіндегі К-30 каналының мәселесімен танысып, жауапты министрліктермен жиын өткізген болатын. 2600 диқанның күнкөрісі таразыда тұрған бұл түйткіл Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің де бақылауына алынды. Осы каналға арнайы келген министр М.Мырзағалиев тұрғындардың тілегі ескерілетінін мәлімдеді.

Бұл каналды бетондауға республикалық бюджеттен 6 млрд. теңге қаралып, жұмыстар 2012 жылы басталған. Алайда 2016-2017 жылдары жөндеу жұмыстары тоқтап, 2018 жылы қайтадан жанданған. 2019 жылға дейін 3,3 млрд. теңге игерілген. Игерілмеген 2,7 млрд. теңге мердігер компанияның есеп-шотында тұр. Бұл компанияны жұмысын сапасыз орындағаны үшін Су ресурстар комитеті сотқа берген. Осындай сергелдеңнің зардабын қарапайым диқандар тартып отыр. Жауапты басшылар каналдың құрылысын 2020 жылдың соңына дейін аяқтауды межелеп отыр.

Аудандардағы осы кездесулерде ауыз су мәселесі, су қоймаларының жай-күйі де талқыланды. Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің жұмысы бағдарланды.