17 пәтер күрделі жөндеуден өткізілді.
Сайрам ауданында мұқтаж жандар баспаналы болды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Осыдан біраз уақыт бұрын Түркістан облысы Сайрам ауданының орталығында 1984 жылы салынған коммуналдық меншіктегі бос тұрған ғимаратқа жөндеу жұмыстары басталған. Аталған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізген соң, аудандағы үйге мұқтаж жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беру жоспарланған. Жалпы Сайрам ауданында мұндай баспанаға қол жеткізу мәселесі бойынша 184 бала тіркелген екен.
Құрылыс басталғаннан бастап Ақсукент ауылы «Интернациональная» көшесіндегі екіқабатты ғимаратқа аудан әкімі бастаған топ жиі барып, тексеріп отырған. Ал құрылыс аяқталғанда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сакен Қалкаманов арнайы келіп, нысанды аралап көрген. Бүгінде 17 пәтер дайын болып, ғимараттың жалпы алаңы – 586,3 шаршы метрді, ал тұрғын-үйдің алаңы – 367,8 шаршы метрді құрады.
Осы орайда бүгін Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков карантин режимін сақтай отырып, 5 отбасыға пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстап, үй иелерін қуанышымен құттықтады.
Бұл ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу үшін «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру» бағдарламасы аясында 84,0 млн теңге қаражат жұмсалған. Күрделі жөндеу жұмыстарын "Астана-көктем С" ЖШС мердігер мекемесі жүргізген.