ТҮРКІСТАН: Нәрестесін тірідей көшеге тастаған әйел табылды

0
3 309

Туғанына 4-5 сағат болған нәрестені сүлгіге орап көшеге қалдырып кеткен.


ТҮРКІСТАН: Нәрестесін тірідей көшеге тастаған әйел табылды

иллюстрациялық фото

Бүгін Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақсукент ауылының көшелерінің бірінен табылған тастанды сәбидің анасы анықталып ұсталды деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл жәйт бойынша қылмыстық іс қозғалды. 7 маусым күні сағат 10.00 шамасында Сайрам ауданының полиция басқармасына жергілікті тұрғын хабарласып, көшеде сүлгіге ораулы шақалақтың жылап жатқанын мәлімдеген.

"Аталған хабарлама бойынша оқиға орнына Сайрам АПБ бастығы бастаған жедел тергеу тобы шықты. Тәртіп сақшылары көрсетілген мекен-жайға келіп, сүлгіге оралған, туылғанына 4-5 сағат болған, бойы шамамен 50 см болатын шақалақты тапқан. Тез арада нәрестені аудандық орталық ауруханаға жеткізген, қазір баланың жағдайы жақсы,"- деп мәлімдеді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Дәрігерлердің анықтамасына сәйкес, тастанды сәбидің жынысы қыз бала, 4-5 сағат бұрын ғана дүниеге келген, салмағы 2,750 грамм, бойы 52 см.

Жаңа туған нәрестесін сүлгіге орап көшеге қалдырып кеткен көкек ана туралы басқа ақпарат таратылған жоқ. Бұл дерек Түркістан облысы Сайрам АПБ-на ҚР ҚК-нің 119-бабымен тіркелді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.