ТҮРКІСТАН: облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданына барды

0
2 726

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Ордабасы ауданы кәсіпкерлерімен кездесті.


ТҮРКІСТАН: облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданына барды

Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданына іссапармен барды, -деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Сапар барысында өңір басшысы аудандағы бірқатар нысандарды аралап, өндірістік орындарда атқаралып жатқан жұмыстармен танысты. Аймақ басшысы бастаған топ ең алдымен Қажымұқан ауылдық округіндегі "Асылтұқымды шаруашылық Ордабасы ешкі сүт өнімдері" ауылшаруашылық кооперативінде болды.

Бүгінде шаруа қожалығының жұмысы өркендеп келеді. Кәсіпкер Жеңіс Тоғызақбаев мемлекеттен 500 миллион теңге несие алып, Голландияның заанен тұқымды 500 бас ешкіні бағып отыр. Кәсіпкер болашақта 3-ші ферма ғимаратын салуды және сүт өңдеу зауытын іске қосуды жоспарлауда. Сондай-ақ ешкі басын 6 мыңға жеткізіп, тәулігіне 15 тонна сүт өңдеу жоспары да бар. Бүгінде өндірілген ешкі сүтінен айран, қаймақ, құрт, сүзбе және йогурт өнімі шығарылып жатыр екен. Бүгінде шаруашылықта 32 адам тұрақты түрде жұмыс істейді. Орташа жалақы мөлшері 100 мың теңгені құрайды.

Мұнан кейін облыс басшысы Қажымұқан ауыл округіндегі «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырын аралады. Сонымен қатар, Темірлан ауылы «Жастар сарайы» ғимаратында «Өрлеу» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалар көрмесімен таныстырды.

Нысандармен жіті танысқан облыс әкімі кәсіпкерлердің ісіне сәттілік тілеп, отандық өнімді өндіріп, ел тұрғындарын сапалы өніммен қамтуда аянбай еңбек ете беруіне тілектестік білдірді.

«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алып қана қоймай, оны табыс көзіне айналдыра білу керек. Сонда берекесі мол болады. Алдағы уақытта әр ауданда азаматтардың атаулы көмекті алуы қадағаланады», – деді облыс әкімі Ө.Шөкеев.

Сондай-ақ, өңір басшысы Ордабасыдағы тың жобалардың бірі Бадам өндірістік аймағындағы «Karlskrona» ЖШС-нің темір құймаларды өңдейтін зауытына барды. Болат құю зауытының құрылысын өңіріміздегі ірі кәсіпорындардың бірі – «Karlskrona LC AB» ЖШС-і жүргізіп жатыр. Аталмыш өндіріс орны жаңа технологиямен құю өнімдерін, стандартты емес және электр жабдықтарын өндірумен айналысып келеді. Айта кету қажет, бұл кәсіпорын бүгінде мемлекеттік қолдауға ие. Зауыт машина жасау саласында алдыңғы орында. Компания Орталық Азияда теңдесі жоқ заманауи технологиямен жабдықталған. Бадам индустриялды аймағында орналасқан зауыт жылына 3700 тонна өнім шығаруға қауқарлы. 2016 жылы жұмысын бастаған өндіріс орнында 50 адам жұмыспен қамтыған.

Өңір басшысы аялдаған келесі нысан Бөржар ауыл округіндегі «Александровский сад» ЖШС-нің интенсивті қарқынды бау-бақшасында да болды.

Өз кезегінде, шаруашылықтың иесі Бақтияр Тағаев алдағы уақытта баудың көлемін арттыратынын айтты. Облыс басшысы бұл бастамаға әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсететіндігін жеткізді. Аталмыш кәсіпорын 17 гектар жерге жаңа технологиямен тамшылатып суғару әдісімен бау егуді 2016 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Жобаның қаржы көлемі – 150 миллион теңге. Өндіріс қуаттылығы жылына 6000 тоннаны құрайды. Мұнда 30 адам жұмыспен қамтылған.