Түркістан облысында 56 адам Covid-19 вирусын жұқтырған

0
2 077

Өсу үрдісі байқалған Мақтаарал, Жетісай мен Сайрам аудандарында шектеулер шараларын қатаңдату туралы жұмыстар жасалуда.


Түркістан облысында 56 адам Covid-19 вирусын жұқтырған

Мақтаарал, Жетісай мен Сайрам аудандарында шектеулер шараларын қатаңдату туралы жұмыстар жасалуда, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бір апта ішінде өңірде Covid-19 вирусын жұқтырған 56 адам тіркелген. Өсу үрдісі байқалған Мақтаарал, Жетісай мен Сайрам аудандарында шектеулер шараларын қатаңдату туралы жұмыстар жасалуда. Осыған орай облыс басшысы карантин талаптары мен мобильдік топтардың жұмысын күшейтуді, тұрғындардың көшеге тек бетпердемен шығуы және халық көп шоғырланатын орындарында міндетті әлеуметтік арақашықтықты қатаң түрде сақтауды тапсырды. Аудан, қала әкімдері мәжіліс барысында кемшіліктерді жойып, оған жол берген жауапты лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершіліктерін қарауды жүктеді.

«Қайтадан тәртіп орнатыңыздар. Кей жерлер, әсіресе мейрам күндерінен кейін босаңсып кетіп жатыр. Бұған жол бермеу керек. Арақашықтықты сақтау мәселесі, маскалық режим, карантин шектеулерінің сақталуын қатаң қадағалау қажет. Барлық аудан, қала әкімдері бұған тікелей жауапты береді», – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев апталық аппарат мәжілісінде Түркістан қаласын дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Қаланы көркейту, көгалдандыру мәселелері мен инфрақұрылымды дамытуды күшейтуді баса айтты. Сондай-ақ су қоймаларының құрылысы мен көлдер жүйесінің жаңартуын көктемге дейін толық аяқтауды міндеттеді.

Атап айсақ, Кеңсай-Қосқарған-2 су қоймасында алдыңғы үлкен және кіші дамбаның бетін бетондау жұмыстары жүргізілуде. Дамба жердің еңістігіне қарай 15м дейін көтеріліп, су қысымын ұстауға арналған артқы призмасы, кіші дамба мен апатты су қашыртқы 100% аяқталған. 1,1 млн. м3 топырақ нығыздалып төселді. Құрылыс жұмыстарына 125 техника және 160 жұмысшы жұмылдырылған. Су арнасы бетондалып, жер жұмыстары жалғасуда. Шошқакөл көлдер жүйесін жаңғырту бойынша шығыс дамбасындағы жұмыстар және №1,2 Оңтүстік Батыс дамбасындағы жұмыстар аяқталуға жақын. Су арнасы 300 млн.м3 суды қабылдауға дайын.