Облыстың төрт аумағында (Ордабасы, Бәйдібек, Қазығұрт және Түлкібас аудандары) өрт сөндіру бекеттері пайда болды
ERNUR.KZ. Түркістан облысында 2018 жылдың басынан бері 7 орман өрті тіркелді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Соның ішінде 5 орман өрті 23.07. – 31.07.2018 ж. орын алды. Бұл жөнінде Түркістан облысы ТЖ департаментінің өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Бақытжан Запаров облыс әкімдігінде өткен брифингте мәлімдеді.
Үстіміздегі жылдың 23 шілдесінде Бәйдібек ауданында басталған созылмалы өрт орман қоры жерлеріне өткен. Дала өрті ауыздықталып, оның салдарынан зардап шеккендер болмаған.
2018 жылы облыс аумағындағы орман және дала өрттерін дер кезінде анықтау мақсатында ғарыш мониторингіне жалпы көлемі 6,5 млн. теңге қаржы қаралып, тиісті мекемелермен келісімшарттар түзілген. Өрттерді дер кезінде сөндіру үшін қала, аудан әкімдіктері өздеріне қарасты ауыл округтерінде 9 713 адамнан тұратын 851 ерікті өрт сөндіру құрылымдарын құрды.
Бұдан бөлек облыстың төрт аумағында (Ордабасы, Бәйдібек, Қазығұрт және Түлкібас аудандары) өрт сөндіру бекеттері пайда болды.