Білім мерекесі қарсаңында 1000-ға жуық полиция қызметкерлері жұмылдырылды.
Түркістан облысының полицейлері 1-қыркүйек білім күні мерекесінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жол қозғалысын реттеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында 904 мектепте 480-мыңға жуық оқушысы бар. Оларға Түркістан облысы Полиция департаменті тарапынан 1000-нан астам полиция қызметкері жұмылдырылды. Енді бір ай көлемінде әрбір жергілікті полиция қызметінің полицейлері, учаскелік полицейлер жаяу жүргіншілер жолағынан өтетін оқушыларға, қала тұрғындарына көмек көрсетіп, жол қозғалысын қадағалайтын болады.
«Полиция қызметкерлері таңғы сағат 7-ден бері мектеп алдында тұрып балалардың қауіпсіздігін қадағалауда. Ұстаз әрі ата-ана ретінде осы іс-шараны жүргізіп отырған полицейлерге рахметімді айтамын және бұл іс-шара біз үшін де өте маңызды. Полицейлер тәртіпті қадағалап, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп тұрғанда бізде ешқандай алаңдаушылық болмайды деп сенемін», - деді Түркістан қаласындағы С.Қожанов көшесінің бойында орналасқан №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Ләззат Айтымбетова:
Сонымен қатар, бірінші сыныпқа өзінің бүлдіршінін жетектеп келген ананың бірі, мектеп алдындағы жолақтан күнделікті өтетін балаларының қауіпсіздігіне сақшылар бақылайтын болғандықтан, алаңдамай жүретінін жеткізді.
«Назар аударыңыз, балалар!» акциясы аясында өткізіліп жатқан аталмыш іс-шара Түркістан облысының барлық аумағында ұйымдастырылды.
Өз кезегінде полиция басшылары, олардың орынбасарлары және қызметкерлері енді ғана оқу жылына қадам басқан бүлдіршіндерге, білім алушыларға арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Және олармен бірге жолдан өтіп, жол жүру ережесінің маңыздылығына тоқталды.