Бүгінгі таңда 1 423 метрді құрайтын үлкен дамбаның құрылыс жұмысы 30 пайызға аяқталған.
Түркістан облысында ағын су тапшылығын жою мақсатында 6 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында ағын су тапшылығын жою мақсатында жалпы құны 42,2 млрд. теңгені құрайтын 6 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстар «Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында іске асырылуда. Егер құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталса, өңіріміздегі ағын су көлемі 195,4 млн. текше метрге ұлғаятын болады. Бүгін бұл туралы облыс әкімдігінде өткен брифингте Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлім етті.
Бұдан бөлек, биыл «Түркістан» магистралды каналын бетонмен қаптау арқылы қосымша 60 млн. текше метр ағын суды үнемдеу жобасы жүзеге асырылуда. Осы мақсатта канал бойында 10,7 шақырым жер жұмыстары, 10,3 шақырым бетонмен қаптау, 3,3 шақырым бетон блоктарын демонтаж жұмыстары жасалынған.
«Қазіргі таңда канал бойында 49 арнайы техника жұмылдырылып, 250 жұмысшы 2 аусыммен еңбек етуде. Бұл жұмыстарға республикалық бюджет есебінен 4 млрд. теңге қаржы қаралды. Жоба құны – 14,3 млрд.теңгені құрайды. Сондай-ақ, сыйымдылығы 18,0 млн. текше метр болатын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасын салу» жобасы бойынша - негізгі бөгетінің орындары тегістеліп, топырағын нығыздау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл нысанда бүгінде 115 арнайы техника жұмылдырылып, 135 жұмысшы еңбек етуде», - дейді Нұрбек Бақтыбайұлы.
Бүгінгі таңда 1 423 метрді құрайтын үлкен дамбаның құрылыс жұмысы 30 пайызға аяқталған. Жобаның жалпы құны 6,1 млрд теңге. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына республикалық бюджет есебінен 2 млрд. теңге қаржы аударылған.
Мұнан бөлек, «Шошқакөл көлдік жүйесін жаңғырту» жобасы бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 1,5 млрд.теңге қарастырылыпты. Құрылыс монтаждау жұмыстарын маусым айының соңына дейін бастау жоспарлануда. Жоба құны 2,5 млрд.теңге.
Сондай-ақ, «Арыс-Түркістан» массивінде жарамсыз болып қалған 134 дана тік ұңғымаларды қайта қалпына келтіре отырып, 34,7 млн. текше метрлік қосымша ағын сумен қамтамасыз ету» жобасы бойынша – 42 дана тік ұңғыманың қайта қазу, тазалау жұмыстары толықтай аяқталған.
Сонымен қатар, Кентау қаласы Шаға ауыл округінде 5 дана ішкі каналдарды күрделі жөндеу жобасы бойынша 22 шақырым ішкі каналдарда құрылыс-монтаждау жұмыстары толықтай аяқталған.