Осы жүйе бойынша Түркістан облысында 173 мың азаматқа атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. Яғни 2,8 млрд теңге қаржы берілген. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алған 2580 азамат өз ісін ашып, кәсіпкер ретінде тіркелген.
Биыл Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жүйесі бойынша 173 мың азаматқа қолдау көрсетіліп, 2,8 млрд теңге қаржы берілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ ақпараттық порталы «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Оның ішінде 2580 адам өз ісін ашып, кәсіпкер ретінде тіркелген. Сондай-ақ 54 мың азамат нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасына қатысқан. Кентаулық Әзімхан Мұсахановтың таза ауызсу шығаратын цех ашқанына көп бола қойған жоқ. Істің көзін таба білетін кәсіпкер жігіт атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жүйесі бойынша 300 мың теңге қаржы алған. Оған өз қаражатын қосып су тазартатын қондырғы сатып алыпты. Ісі оңала бастаған соң ауылдың 4 азаматын жұмысқа алған.
Ғалымжан Усманов, тасымалдаушы: " Тасымалдаушы боп жұмыс істеймін. Қазір суға деген сұраныс көп. Күніне 20-30 дана құтыға тапсырыс түседі. Соны тасып, апарып, орнатып береміз. Айлығымызды алып жатырмыз."
Жаз айларында таза ауызсуға деген сұраныс артады. Сол кезде күніне 100 дана 5 литрлік құтыдағы ауыз су шығарады. Жаңа цехтағы құрылғылар Ресейден әкелінген. Барлық технологиялық процесс сапа стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады дейді кәсіпкер.
Әзімхан Мұсаханов, кәсіпкер: " Үкіметтің бағдарламасынан ақша алып, өз цехымды салып, қазір істеп жатырмыз. Фильтор ресейлік компаниядан. Судың иісін, дәмін, құм-тасын ұстап қалатын сүзгі. Бұл күніне 6 тонна су өндіруге қауқарлы. Болашақта 0,5 литрден, 20 литрге дейін су шығарсам деймін."
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің барлық аймағында атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жүйесі іске қосылды. Осы жүйе бойынша Түркістан облысында 173 мың азаматқа атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. Яғни 2,8 млрд теңге қаржы берілген. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алған 2580 азамат өз ісін ашып, кәсіпкер ретінде тіркелген.
Мұхит Отаршиев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы: " Бүгінгі таңда атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбекке жарамды отбасы мүшелерінің ішінде 23 мың азамат жұмыспен қамту шараларына қатысты. Оның 20 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылды. Осы көрсеткіш бойынша біздің облыс алдыңғы қатарға шықты еліміз бойынша."
Сонымен қатар биыл өңірде 54 мың азамат «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасына қатысқан. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 8 мыңнан аса тұрғын қысқамерізімді кәсіптік білім беру курсына оқуға жіберіліпті.
Мұхит Отаршиев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы: "Бірінші бағыт шеңберінде «Әр ауылға өз шебері» атты акция аясында жұмыстар жасалды. Биыл осы акция аясында 2500-ден аса азамат қысқамерзімді кәсіптік оқуға жолданды. Сондай-ақ 4 мыңнан аса адам оқуын бітіріп, оның 60 пайыздан астамы тұрақты жұмыспен қамтылды."
Сонымен қатар өңірде 1700-ден астам адам «Бизнес бастау» жобасы арқылы оқып, сертификат алған. Ал оның 584-і – шағын несие қол жеткізгендер. Жалпы әлеуметтік жұмыс, жастар тәжірибесі және қоғамдық жұмыстар сияқты үш бағыт бойынша облыстың көрсеткіштері жүз пайызды қамтып отыр.