Түркістан облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақты

0
507

Жедел-жәрдем қызметіне жыл соңына дейін 122 автокөлік сатып алу жоспарланған.


Түркістан облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақты

Түркістан облысы бойынша коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарға төсек-орын дайын, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы бойынша коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды емдеуге жатқызу үшін тұрақты негізде 600 инфекциялық және 100 карантиндік төсек-орын дайын. Қосымша қажет болғанда орын санын 5610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Бұл жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов мәлімдеді.

«Облыста медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жоғары деңгейде жасақталған. Оттегі станциясының саны 2 есеге артып, жалпы 8 станция бар. Сондай-ақ, 80 бірлік оксигенация аппараты сатып алынды. Бұдан бөлек, оттегі концентраторларының саны 890 бірлікке жетті. Оттегі нүктелерінің саны 9,7 есеге артып, 205-тен 2005 нүктеге дейін ұлғайды. Ағымдағы жылы облыстық бюджет есебінен 1 компьютерлік томограф пен 3 сандық рентген аппараттары орнатылды. Медициналық ұйымдарда пульсоксиметрдің қамтамасыз етілуі 190-нан 3879-ға дейін жетіп отыр», - деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, облыста ПТР зертханаларының саны 3 бірліктен 9 бірлікке дейін өсіп, күн сайын 2,5 мыңнан астам адамның анализін зерттеуге мүмкіндік беруде. Бұдан өзге, 12 бірлік жылжымалы медициналық кешен жиынтығы сатып алынуда. Нәтижесінде жылжымалы медициналық кешенмен аудандарды қамтамасыз ету көрсеткіші 100%-ды құрайтын болады. Жедел-жәрдем қызметіне жыл соңына дейін 122 автокөлік сатып алу жоспарланған. Бұл автокөліктер жедел-жәрдем қызметі паркін 96%-ға жаңартуға мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі, медициналық ұйымдарда 2 айлық дәрі-дәрмек қоры бар. Өңірде тұрғындарды дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бөлшек сауда дәріханалары арқылы жергілікті тұрақтандыру қоры құрылған. Жалпы облыс аумағында 557 бөлшек сауда дәріханалары қызмет атқарады. Оның 238-мен өзара әрекеттесу туралы Меморандумға қол қойылды. Халықты бетперделермен үздіксіз қамтамасыз ету үшін ересектерге 1,5 млн дана және балалар үшін 1 млн дана қосымша тапсырыс берілді.

Түркістан облысында пандемия басталғалы COVID-19 инфекциясын жұқтырған 3 408 жағдай тіркелген. Жазылып шыққандар саны – 3 349, қайтыс болғандар – 46.