Жылыту маусымында 7 оқиға орын алып, 5 адам уланып қайтыс болған.
Түркістан облысында газдан улану бойынша баспасөз жиыны өтті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында улы газдан улану жағдайы азайған. Мәселен, 2018-2019 жылғы жылыту маусымында 17 оқиға орын алып, улы газдан 23 адам қайтыс болса, 19 адам жарақат алған. Ал 2019-2020 жылыту маусымында 7 оқиға орын алып, 5 адам уланып қайтыс болса, 4 адам жарақат алды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов мәлімдеді.
«Департамент тарапынан газдан уланудың себептеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Әлеуметтік желілерге бақылау жүргізіліп, қауіпсіздік талаптары сақталмаған тұрғын үйлерге ескерту жасалып, жергілікті атқарушы органның, ГазТрансГазАймақ мекемесі мен Оңтүстікжарық өкілдерінің қатысуымен рейдтік шаралар жүргізіліп тұрады. Аталған жұмыстар барлық қала, аудандарда қолға алынып, арнайы жұмыс тобы осы бағытта қарқынды жұмыс атқаруда»,- деді департамент бастығы.
Бүгінгі күнде Республика көлемінде 15 қыркүйектен бастап өрт қауіпсіздігі айлығы жүргізілуде. Ол 15 қазанға дейін жалғасады.
«Түркістан облысында өрт қауіпсіздігін алдын алу жұмыстары маусым және тамыз айларында жүрді. Үйлерді аралау кезінде өрт қауіпсіздік нормалары мен ережелерінің талаптарын бұза отырып, пайдаланып отырған автономды жылыту жүйелеріне, электр сымдарының ақаулығына баса назар аударылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңға дейін облыс көлемінде 26 167 үйге рейдтік шаралар жүргізіліп, 45 367 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталған. Сондай-ақ, департамент тарапынан БАҚ арқылы тұрғындарға ескертпелер, түсіндірмелер айтылып келеді»,- деді Нұрғали Сырлыбайұлы.