Сарыағашта баламасы жоқ балабақша ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ ақпараттық порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Жібек жолы ауылдық округінде ел игілігіне берілген бөбекжайдың жобалық құны – 1,1 млрд теңге. Заманауи нысанды жергілікті кәсіпкер Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алып, туған ауылына тарту еткен.
Жалпы, аудан бойынша 16 мемлекеттік, 181 жекеменшік балабақша жұмыс істеп тұр. Бұларда 22 мыңнан астам бала тәрбиеленеді. Жібек жолы ауылында ашылған баламасы жоқ балабақшаға баратын балалар қандай бақытты дерсіз. Өйткені заман талабына сай салынған ғимараттың ішінде балаға қажеттінің бәрі бар. Бүлдіршіндер үш тілде білім алып, жан-жақты дамиды. Мұнда 3 концерт, 2 спорт залы, би, гимнастика алаңдары бар.
Сондай-ақ логопед, дефектолог, психолог бөлмелері жұмыс істейді. Ойын алаңдары мен жатын бөлмелері де ерекше. Көз тартар кереметтің бәрі бүлдіршіндердің қуанышы үшін жасалған. Балабақша 450 орынға лайықталған. Қазір мұнда 18 топ жасақталған. 75 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылды. Мұнда тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндердің ғана емес, еңбек ететін тәрбиешілердің де көңілі көтеріңкі.
Гүлнәр Оспанова, тәрбиеші:
- Жұмысым өзіме ұнайды. Тәрбиеші мамандығы бойынша жұмыс істеймін. Балалардың дамып, өсіп, жетіліп, мектепке дейінгі барлық жағдайы жасалған. Спорт залдары мен жазда бассейніміз бар. Жалақым жақсы, сыйақымыз тағы бар. Цифрлық жүйе енгізілген балабақша ғимаратының барлық бөлмелері бейнебақылау камераларымен қамтылған. 152 бақылау құрылғысы тәулік бойы балалардың қауіпсіздігін қадағалайды. Бір жерден басқарылатын хабарлағыш жүйе енгізілген. Балабақша жекеменшік болғанымен, ата-аналардың қалтасына салмақ салмайды. «Сондықтан олардың қолдауын үнемі сезінеміз», – дейді балабақша басшылығы.
Әбдіғафур Кенжебаев, құрылтайшының көмекшісі:
- Балаларымыз да, ата-анасы да дән риза. Ауылды жерде халықтың әлеуметтік жағдайын есепке алып, бағасын көтермедік. Айына әр балаға 6 мың теңге төейді. 5 мезгіл тамақ береміз. Астың сапасы қатаң бақылауда тұрады. Ешкімнің оған шағымы жоқ. Жеміс-жидек, витаминдермен толық қамтамасыз етілген. Жоба Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында іске асырылған. Құны 1,1 млрд теңге болатын балабақшаны жергілікті кәсіпкер өз қаржысына салдырып, ел игілігіне ұсыныпты.