Ауруханадағы провизорлық стационар 32 дана оттегі баллондарымен толықтырылды.
Сарыағаш ауданының демеушілері ауруға қарсы күреске атсалысып жатыр, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Сарыағаш аудандық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясы Сарыағаш аудандық филиалының фракция мүшесі Жомарт Әбдібаевтың демеушілігімен аудандық орталық ауруханаға көмек көрсетілді. Нақтырақ айтсақ, орталық ауруханадағы провизорлық стационарға ем алушы науқастарға қосымша орындар дайындау мақсатында 100 жатын орын дайындау жоспарланып, халық қалаулысы тарапынан жеткізілген керек-жарақтармен жабдықталып отыр.
«Алайда қосымша орындар дайындалғанымен індет таралуының алдын алынды дегені емес, керісінше ауырып ем іздегенше ауырмаудың жолын жасау керек. Сондықтан да баршаңызды қоғамдық орындарға мейлінше шықпауға, бетпердесіз жүрмеуге шақырамыз», - делінген аудан әкімдігінің баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ, Түркістан облысы Сарыағаш аудандық орталық ауруханасындағы провизорлық стационарда ем қабылдап жатқан науқастарға қазіргі таңда жетіспеушілік туындап отырған, бірінші кезекте қажетті оттегі баллондары жеткізілді. Атап айтсақ, аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен ауданның демеуші азаматтары есебінен орталық ауруханадағы провизорлық стационар 32 дана оттегі баллондарымен толықтырылды.