​Түркістан: Сайрамда өңірлік өнім көлемі 127,3 млрд. теңгеге жеткен

0
1 505

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында 10 ай көлемінде концепциядағы жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізіліп, салаға 2,4 млрд.теңге инвестиция тартылған.


​Түркістан: Сайрамда өңірлік өнім көлемі 127,3 млрд. теңгеге жеткен

Сайрам ауданында 2018 жылдың 10 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 127,3 млрд.теңгеге жетіп, өткен жылға қарағанда өсім 2,9 пайызды құрады. Нәтижесінде жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 629,5 мың теңге болып, өсім 4,6 пайызға жеткен. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сайрам ауданының әкімі Бақтияр Мамаев мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Сондай-ақ, ауданда өнеркәсіп саласында ағымдағы жылдың 10 айында 33,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілген, даму концепциясына сәйкес жыл соңына дейін 38,7 млрд. теңгеге өнім өндіру күтілуде. Облыс деңгейіндегі өнеркәсіп өнімі өндірісі бойынша ауданның үлесі 9,8 пайызды құрап, аймақта 2 орынға тұрақтаған.

Ал ауыл шаруашылығы саласында 53,3 млрд.теңгеге өнім өндіріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 7,6 пайызды құрады.

«Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі бойынша аудан 11,2 пайызбен көш бастап тұр. Тамшылатып суғару жоспары 150 гектарға жоспарланса, 10 айдың көрсеткіші бойынша 152,5 гектарға енгізілген. Жылыжай салу жоспары 10 гектар, қазіргі таңда салынғаны - 3,76 гектар. Қарқынды бау егу жоспары - 50 гектар, орындалғаны - 50,6 гектарды құрайды», - деді Бақтияр Сапарәліұлы.

Ауданда мал шаруашылығы саласында 31,3 млрд.теңгеге өнім өндіріліп, өсім 10,7 пайызды құраған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ірі қара мал басы - 27,5 пайызға, қой мен ешкі - 1,8 пайызға, жылқы - 13,2 пайызға, құс - 8,3 пайызға көбейген. Бүгінгі таңда ауданда 989 мал бордақылау алаңдарында бір мезетте 32-33 мың бас мал бордақылануда. 2018 жылға 320 тонна мал етін экспорттау жоспарланса, 10 айда 393 тонна мал еті экспортқа шығарылған.

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында 10 ай көлемінде концепциядағы жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізіліп, салаға 2,4 млрд.теңге инвестиция тартылған.