ТҮРКІСТАН: Селден зардап шеккен отбасылардың жаңа үйі тамызда беріледі

0
931

Баспаналардың жалпы аумағы – 2640 шаршы метрді құрайды.


ТҮРКІСТАН: Селден зардап шеккен отбасылардың жаңа үйі тамызда беріледі

Төлеби ауданындағы селден зардап шеккен отбасыларға 42 жаңа баспананың кілті тамыз айында тапсырылады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Төлеби ауданында ағымдағы жылдың 13 мамыр күні қатты жауын-шашын салдарынан су арналары тасып, сел орын алған болатын. Салдарынан бірнеше үйді су басып, зақымданды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, аудандағы 42 үй жарамсыз деп танылып, жаңа баспаналардың құрылысы басталған. Бүгінде құрылысы қарқынды жүріп жатқан үйлер аяқталуға жақын. Жалпы 42 үй тамыз айының басында толық аяқталып, иелеріне табысталатын болады.

Айта кетерлігі, аталған баспаналардың 17-сі – Леңгір қаласында, 2-і – Киелітас, 22-сі – Сұлтан-Рабат, 1-і – Ынтымақ ауылдарында салынып жатыр. Қазіргі таңда 22 үйдің шатыры жабылып, терезесі орнатылған. Ішкі электр желісін, жылу жүйелерін жүргізу мен ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал 20 үйдің шатырын жабу жұмыстары жүргізілсе, 7 үй жуық арада толық аяқталады. Баспаналардың жалпы аумағы – 2640 шаршы метрді құрайды. Бұл үйлердің құрылысын 9 мердігер мекеме жүргізіп жатыр. Құрылысы аяқталған кезде селден зардап шеккен отбасыларға 42 баспананың кілті табысталады.

Сонымен қатар, Төлеби ауданы Леңгір қаласындағы №5 мектеп гимназиясында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізінен 600 орындық мектептің ескі ғимараты жаңғыртылып, қосымша 200 орындық жаңа ғимараттың құрылысы жүруде. Сондай-ақ, мектептің жаңа асханасы мен спорт залы, кітапханасы мен шеберханасы болады. Қазіргі таңда, нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, ішкі әрлеу, жылу жүйелерін жүргізу жұмыстары атқарылуда. Мердігер мекеме «Қаратау ЛТД» ЖШС-і нысанды биылғы жаңа оқу жылында толық аяқтап, пайдалануға беретін болады.