Кездесуге аудан әкімінің орынбасарлары мен дербес бөлім басшылары да қатысты.
Шардара ауданының әкімі Жаушықұм және Қ.Тұрысбеков ауылдық округтерінің тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындарымен кездесті деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Елді мекендерді аралап, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысу ісін Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай «Жаушықұм» ауылында жалғастырды. Аудан басшысы мұнда салынып жатқан ауыз су торабында болып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. 20 метр тереңдіктен сағатына 16 текше метр су тартатын бұрғының құрылыс жұмыстарына 221 млн теңге қаралып, нысанды тамыз айының соңына тапсыру жоспарланып отыр. Құрылыс нысанының өз уақытында тапсырылуын, кемшілікке жол берген азаматтардың қатаң жазаланатынын айтқан Қайрат Жолдыбайұлы тиісті мамандарға жұмыстың сапалы аяқталуын қадағалауды тапсырды.
Сонымен қатар, аудан әкімі «Қ.Тұрысбеков» тұрғындарымен де кездесті.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан табиғи газ, ауыз судың тәулік бойы тоқтаусыз ағуы, ағын су каналдарды жөндеу, көшелерді асфальттау, жарықтандыру, елді мекендердегі қараусыз жатқан электр трансформаторларын қоршау, ескі мектеп ғимаратында қоныстанып отырған отбасылардың құжаттарын рәсімдеу сынды мәселелер бойынша ұсыныстарын айтты.
Олардың айтқан өтініш-тілектерін мұқият тыңдаған Қайрат Жолдыбайұлы мұның барлығы да хаттамаға түсіріліп, оң шешілуі үшін жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
«Орталарыңызға келгендегі мақсатымыз – елді мекендердегі өзекті пробелмаларды өз ауыздарыңыздан есітіп, оларды шешу жолдарын өздеріңізбен бірге қарастыру.
Күрмеуі қиын мәселелерді кезең-кезеңімен атқаратын шаруалардың қатарына қосып, арнайы жоспар жасайтын боламыз. Өздеріңізбен ақылдаса, бірлесе отырып жұмыс жасасақ – алынбайтын асу болмайды деп сенемін» деді аудан әкімі.
Айта кетейік, ездесуге аудан әкімінің орынбасарлары мен барлық бөлім, мекеме басшылары қатысты.