Жүргізілген сауалнама нәтижесінде белгілі болған.
БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылған «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың жай-күйінің мониторингі» зерттеуі аясында «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қоры жүргізген сауалнама қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, Түркістан облысындағы сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары салалардың бірі - денсаулық сақтау саласы екендігі анықталды.
Осыған орай, бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ғабит Жүндібаев Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында болып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шараның негізгі мақсаты - абзал жандар арасында сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру және қоғам індетінің туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайлардың алдын алу.
Келелі жиынға Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Егізбаев пен басқармаға қарасты барлық медициналық мекемелердің бас дәрігерлері қатысты.
Шара барысында Ғабит Өмірәліұлы медицина саласының қызметкерлеріне қоғамдық дерттің елге тигізер зардаптарын түсіндіріп, бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу - мемлекет саясатының негізгі басым бағыттарының бірі екендігін атап өтті.
Сондай-ақ, пара алушымен қатар, пара беруші азаматтар да заң аясында жауапкершілікке тартылатынын тілге тиек етіп, жиынға қатысушыларды жемқорлық фактілерінен аулақ болуға шақырды.
Шарада Агенттіктің бастамалары адалдық, әділдік, парасаттылық, сенім құндылықтары негізінде жүзеге асырылатыны атап өтіліп, арнайы әзірленген Агенттіктің жаңа имиджі туралы ақпараттық кітапшалар таратылды.
Жиын соңында қатысушылар назарына сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша арнайы дайындалған бейнеролик ұсынылып, бірқатар сауалдарға нақты жауап берілді.