ТҮРКІСТАН: Табиғатта серуендеу ережелері түсіндірілді

0
448

Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында офлайн смарткарталар жасалды.


ТҮРКІСТАН: Табиғатта серуендеу ережелері түсіндірілді

Түркістан облысында тауға шығу мен табиғатта серуендеудің ережелері түсіндірілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында күн жылынып, туризм маусымы ашылды. Осыған орай, көктемгі тауға шығу, серуендеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау және оқыс оқиғалардың алдын алу жолдары талқыланған мәжіліс өтті. Басқосуда туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында офлайн смарткарталарды «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Қазақстан бойынша бірінші енгізіп отырғаны айтылды. Смарткартада қауіпсіздік белгілерімен ескертулер жасалған.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен өткен мәжіліске Түркістан облысындағы жоғары оқу орындары мен 60 колледждің басшысы, мемлекеттік табиғи қорықтар мен парктердің басшылары қатысты. Сонымен бірге Шымкент қаласындағы оқу орындары мен жауапты басқармаларының басшылары да болды. Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қауіпсіздікті сақтау басты міндет екенін жеткізді.


«Өздеріңізге белгілі, былтыр 21 мамырда 7 азамат «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағындағы тауда адасып, бірнешеуі қаза тапты. Бұл – қауіпсіздік басты мәселе екенін көрсетіп отыр. Бүгінгі жиналыстың мақсаты – жастардың көктемгі тауға шығу, серуендеу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау жолдарын талқылау, түсіндірме жұмыстарын жүргізу және таулы аймақта жүрудің ережелерін таныстыру. Түркістан облысында 58339 студент білім алуда, оның 15 989-ы – университет студенттері. Осы жастарымызға қауіпсіздік ережелерін үйреткен жөн. Сондықтан парк жетекшілері мен төтенше жағдай департаменті өкілдерінің, оқу ордаларының басшыларының түсіндіру жұмысын жүргізуі маңызды. Біз жастардың өмір қауіпсіздігін басты назарда ұстауымыз керек», – деді ол.


Сондай-ақ, мәжілісте Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ерік Сарыбаев құтқару жұмыстары мен қауіпсіздік ережелері туралы баяндады. Ал «Ақсу-Жабағылы», «Сайрам-Өгем», «Қаратау» табиғи қорықтары мен парктерінің өкілдері туристік соқпақтар, табиғатты қорғау жөніндегі шарттармен таныстырды. Демалушылар мен туристерге қызмет көрсету мақсатында мекеменің филиалдарына бақылау-өткізу бекеттері орнатылғанын, парктер қорғауда екенін жеткізді.


Сонымен бірге, туристерге жағдай жасау, туризмді дамыту бағытындағы жоспарлары мен ұсыныстарын айтты. Мамандар тауда серуендердің негізгі ережелерін ұсынды. Олар: Жол жүру кезінде неғұрлым қауіпсіз жол бағытын таңдау; Жол жүрер алдында ауа райын алдын ала бағдарлау; Тосын жағдайларға дайын болу және төніп келе жатқан қауіпті анықтай білу; Топпен ғана қозғалу керек, оның бөлінуіне жол бермеу; Жол жүру бағытын қауіпсіздік мақсатында қысқартпау; Өткелдерден түнгі уақыт пен нашар көрініс кезінде (тұман) өтпеу; Қауіпті аймақтардан, ағысы қатты өзендерден және жарықтардан сенімді сақтандыру құралдары бар кезінде ғана өту.