ТҮРКІСТАН: Төлебиде 70 адам грант ұтып, өз кәсіптерін бастады

0
794

Ленгір қаласы бойынша 37 адам мемлекеттік грант иегері атанған.


ТҮРКІСТАН: Төлебиде 70 адам грант ұтып, өз кәсіптерін бастады

Төлеби ауданының әкімі өз кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтармен кездесті , деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік грант ұтып алған бірқатар кәсіпкерлермен кездесіп, олардың жұмыс орындарымен танысты. Бағдарламаны аудан көлемінде жүзеге асырып отырған Төлеби ауданының халықтың жұмыспен қамту орталығының көмегімен бүгінгі күні ауданда 70 адам, оның ішінде Ленгір қаласы бойынша 37 адам мемлекеттік грант иегері атанып, өз бизнесін бастаған.


Мәселен, көлік майын ауыстыру ісін қолға алған Ленгір қаласының тұрғыны Ғалымжан Саулдашев өз кәсібі жөнінде әңгімелей келе, мемлекеттен берілетін грант арқылы кәсіпкер атанғанын мақтанышпен айтты. Ал, қолдан сабын жасауды өзіне серік еткен Мөлдір Мелдехан дайын өнімдерін көрсетіп, оны қайда саудалайтынын, сабынды қандай жолмен дайындайтынын түсіндірді. Сондай-ақ, «Серік» білім беру орталығын ашып, балаларға ағылшын, араб, орыс тілдерін үйретіп, осы тілдерде еркін сөйлеуге, жазуға білім беріп жүрген Үрзия Сергабаева өз кәсібін таныстырып өтті.


Сонымен қатар, Төлеби ауданының тұрғыны Ержан Утеулиев мемлекеттік көмекті пайдалана отырып автокөлік жөндейтін станция ашқанын, грантқа ие болуының нәтижесінде отбасын асырып, жанына көмекші алып, басқалардың табыс табуына көмек бергенін әңгімеледі. Ал, көлік жуу орталығын іске қосқан Динара Жамалбекова бұл кәсіптен табыс табуға болатынын және де бүгінде қала жастарын жұмыспен қамтып отырғанын айтты. Одан бөлек, техникалық жөндеу орталығының басшысы Мейрамбек Серкебаев бүгінда ауданда көлік саны артып, оның қызметіне жүгінетіндер саны артқанын әңгімеледі. Қазақтың ою-өрнектерін ойып, сөмке тігуді кәсіп еткен Мөлдір Серғараева бүгінде қол өнер туындысына әлеуметтік желі арқылы тапсырыс қабылдап отырғанын, алдағы уақытта кәсібінің көлемін үлкейтіп, «Нұр» қол өнер шеберханасына жастарды үйрететуді көздеп отырғанын айтты.