ТҮРКІСТАН: Түлкібаста Мекемтас Мырзахметұлына шығармашылық үй табысталды

0
866

Бұл үй аудан әкімі Н.Тұрашбековтың тікелей бастамасымен демеушілер есебінен іске асқан.


ТҮРКІСТАН: Түлкібаста Мекемтас Мырзахметұлына шығармашылық үй табысталды

Түлкібас ауданында есімі елімізге танымал ғалым, Ұлы ақын Абай Құнанбаевты, жазушы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлын бай мұрасын терең зерттеген Мекемтас Мырзахметұлына торқалы тоқсан жастан асқан уақытында туған жері Майтөбе ауылынан демеушілер есебінен шығармашылық үй жерлестерінің атынан тарту етілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ешкім де Еңбек Ері болып тумайды. Абырой да, құрмет те еңбекпен келеді. Әркім – өз дәуірінің перзенті. Өз заманының талабына өзінше үн қосады, еңбегін арнайды. Халқының бақыты үшін күндіз-түні тынбай, елге қызмет еткен Мекемтас ағамыз бақытын ғылымнан тапқан азамат. Мекемтас ағамыз қазақ ғылымының дамуына, әдебиетіміздің өркендеуіне елеулі үлес қосты. Ағамыздың жазған ғылыми және тарихи еңбектері еліміздің дамуына септігін тигізіп, тәрбиелеген шәкірттері республиканың барлық аймағында жемісті еңбек етуде.

Сонымен қатар, өткен жылы ағамыздың тоқсан жасқа толған уақытында жерлес жазушымыз М.Байғұт жазған «Іштарлық пен құштарлық» атты кітабын шығаруға аудан әкімдігі атсалысып, тарту етті. Енді міне тамаша тұрғын үйде ағамызға тарту етіліп отыр.

Іс шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Н.Тұрашбеков, Түркістан облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов бастаған облысымыздың әр ауданынан келген зиялы қауым өкілдері еліміздің ғылым саласына өлшеусіз үлес қосқан Мекемтас Мырзахметұлына ізгі тілектерін білдіріп, үй кілтін табыстады.

Демеушілер есебінен 8 млн. теңгеге іске асқан үй 5 бөлмеден тұрады. Шығармашылық үйдің құрылысы барысында заманауй талаптардың барлығы ескерілген. Сондай-ақ, үй іргелік аумағы да толығымен қоршалып, абаттандырылған.