Делдалдық схемаларды анықтау және нарықты талдау жұмыстары жүргізілген.
Түркістан қаласы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі бойынша Қазақстанның 19 қалаларының ішінде 14-орында, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2021 жылдың 2 қарашасындағы ҚР ҰЭМ статистикалық мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі бойынша Қазақстанның 19 қалаларының ішінде 14 орында. Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында құны 547,1 млн теңгеге 5 749,7 тонна азық-түлік тауары бар. Бұл туралы «Түркістан» ӘКК Тұрақтандыру қорының басшысы Лаура Жанасбаева мәлімдеді.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұрбақыт Иманқұлов Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларынан 2 тауар (сәбіз,пияз) бағасы төмендеп, 1 тауар (жұмыртқа 355 теңгеден 361 теңге) бағасының өскендігін айтты. Қалған 14 тауар (нан, құнбағыс майы, сары май, сиыр еті, тауық еті, тұз, картоп, құмшекер, күріш, қырыққабат, қарақұмық, айран, сүзбе) бойынша жағдай тұрақты екендігін жеткізді.
Сонымен қатар, брифингте Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті басшысының орынбасары Данабек Махатов делдалдық схемаларды анықтау және нарықты талдау жұмыстары жүргізілгендігін мәлімдеді.
«Департаментпен тауық жұмыртқасын (С-1 санаты) өндірумен және сатумен айналысатын 2 нарық субъектісіне («Бес қара» ЖШС, «Яссы құс» ШҚ) қатысты ҚР бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің болуы туралы Хабарлама жіберілді. Өз кезегінде, «Яссы құс» ШҚ сату бағасын 30 теңгеден 27 теңге, яғни 10%-ға төмендету жолымен Департаменттің хабарламасын орындады», - дейді Данабек Махатов.